Қазақстан мен Эстония ғылым және инновация саласындағы әріптестікті кеңейтпек
Қазақстан мен Эстония ғылыми зерттеулерді дамыту, жаңа технологияларды қолдау және инновациялық жобаларға инвестиция тарту мәселелерін талқылады. Екі ел өкілдері университеттер мен ғылыми ұйымдар арасындағы байланысты нығайтуға басымдық берді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
5-9 қазан аралығында Қазақстанда Еуропалық комиссияның TAIEX сараптамалық миссиясы өтті. Осы бағдарлама аясында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Эстонияның Экономика және коммуникациялар министрлігі өкілдерімен кездесті.
Миссия Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Еуропалық комиссия арасындағы ынтымақтастық негізінде ұйымдастырылды. Кездесуде Гүлзат Көбенова еліміздегі жоғары білім мен ғылым саласында жүзеге асырылып жатқан өзгерістерге тоқталды. Сондай-ақ "Ғылым және технологиялық саясат туралы" заңның орындалу барысы жөнінде ақпарат берді.
Тараптар Қазақстан мен Эстонияның жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу мекемелері арасындағы әріптестікті дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.
Эстониялық сарапшылар Кюллики Тафель-Вийя мен Карел Лембер өз елдеріндегі инновациялық жобаларды қолдау тәжірибесімен бөлісті. Олар ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу, венчурлік қаржыландыру және технологиялық кәсіпкерлікті дамыту жолдары туралы айтты. Сонымен қатар кездесуде стартаптарға қолдау көрсететін бағдарламаларды жетілдіру, жаңа технологияларды нарыққа шығару және ғылыми жобаларға жеке инвесторларды тарту мәселелері қозғалды.
TAIEX миссиясының негізгі мақсаты – Қазақстанның инновациялық жүйесін дамыту үшін Еуропа елдерінің озық тәжірибесін зерделеу.
Осы бағытта Ғылым және жоғары білім министрлігі, "Ғылым қоры" АҚ, Astana Hub, QazInnovations және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысқан семинарлар мен жұмыс кездесулері ұйымдастырылды.
Келіссөздердің маңызды тақырыптарының бірі – Қазақстанның Еуропалық одақтың Horizon Europe ғылыми-зерттеу және инновация бағдарламасына қатысуы болды.
Гүлзат Көбенова еліміздің аталған бағдарлама аясындағы қазіргі ынтымақтастығы мен алдағы жоспарларын таныстырды. Сондай-ақ Қазақстанның Horizon Europe бағдарламасына қауымдасқан ел ретінде қосылу мүмкіндіктері талқыланды. Бұл бағдарлама халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, зерттеушілер арасындағы байланысты кеңейтуге және инновациялық әзірлемелерді қолдауға бағытталған.
Кездесу соңында Қазақстан мен Эстония өкілдері ғылым мен технология саласындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.
Алдағы уақытта екі ел бірлескен ғылыми жобаларды дамытуға, университеттер мен зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге және ғылыми жаңалықтарды нақты өндірісте қолдануға назар аудармақ.
Сондай-ақ тараптар ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және бизнес өкілдерін инновациялық жобаларға тарту бағытындағы байланысты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.