Қазақстан мен Франция мәдени байланыстарды кеңейтеді

Қазақстан мен Франция мәдени байланыстарды кеңейтеді
Gov.kz

Парижде өткен Қазақстан мәдениеті күндері аясында Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Францияның мәдениет министрі Катрин Пегармен кездесті. Тараптар театр өнері, музей және архив салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесуде екі елдің мәдени ұйымдары арасындағы байланысты нығайту, өнер ұжымдарының өзара гастрольдерін ұйымдастыру және бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары қаралды.

Сондай-ақ мамандарға арналған оқу бағдарламалары, тағылымдамалар мен шеберлік сабақтарын өткізу мәселесіне назар аударылды. Францияның мәдениет министрі Катрин Пегар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.

Қазақстан министрі Францияға сапары барысында Лувр музейінің президенті Кристоф Лерибомен де кездесті. Келіссөздер кезінде Лувр қорындағы тарихи жәдігерлерді Қазақстанда көрсету мүмкіндігі және музей саласындағы басқа да ортақ жобалар талқыланды.

Қазақстан мәдениеті күндерінің бағдарламасына Қазақстан киносы күндері, Бранли жағалауындағы Жак Ширак музейінде өткен «Қазақстан – Франция: мәдени диалогтан бірлескен жобаларға» атты дөңгелек үстел және Париждегі «Мариньи» театрындағы гала-концерт кірді.

Гала-концерт барысында қазақтың дәстүрлі және заманауи музыкасы мен хореографиясы француз көрерменіне таныстырылды. Сахнада қазақтың әндері мен күйлері орындалып, ұлттық және заманауи өнер туындылары ұсынылды.

Концертке Әлішер Кәрімов, Зарина Алтынбаева, Ернар Садырбай (Amre), Елдар Сапараев, Расул Жармағамбетов, Фархат Кубиев, Назым Сағынтай, «Астана Балет» театры, HasSak этнофольклорлық ансамблі және Mezzo тобы қатысты.

Өнерпаздарға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі сүйемелдеу көрсетті.