BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе рейстері көбейеді

Gov.kz
Бөлісу Telegram

Қазақстан мен Қытай әуе қатынасын кеңейту жөнінде келісімге келді. Енді екі ел арасында аптасына орындалатын рейстердің рұқсат етілген саны 180-ге дейін ұлғайтылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

4 қарашада Ташкентте өткен "Қытай – Орталық Азия" (C5+1) азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі конференция аясында Қазақстан мен Қытайдың авиация өкілдері екіжақты келіссөз жүргізді.

Қазақстан тарапынан кездесуге Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, ал Қытай атынан осы елдің Азаматтық авиация әкімшілігі бас директорының орынбасары Бай Вэньли қатысты.

Тараптар екі мемлекет арасындағы әуе байланысын дамыту, тұрақты рейстерді көбейту және жаңа бағыттар ашу мәселелерін талқылады.

Келіссөз нәтижесінде апталық рейстердің рұқсат етілген санын 150-ден 180-ге дейін арттыру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар әуе бағыттарының тізіміне Қытайдың Чэнду және Қашғар қалалары қосылатын болды.

Бұл өзгерістер қазақстандық және қытайлық әуе тасымалдаушыларына жаңа бағыттарды игеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жолаушылар үшін тікелей қатынайтын рейстердің қолжетімділігін арттырып, транзиттік тасымалды дамытуға жол ашады.

Кездесу барысында екі елдің өкілдері азаматтық авиация саласындағы әріптестікті жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай арасындағы жолаушылар тасымалына сұраныс артып келеді. Бұған іскерлік байланыстардың нығаюы мен туристік сапарлардың көбеюі ықпал етуде. Жаңа келісім осы бағыттағы әуе қатынасын одан әрі дамытуға негіз болмақ.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары