Қазақстан мен Қытай көлік-логистика ынтымақтастығын кеңейтеді

Қазақстан мен Қытай көлік-логистика ынтымақтастығын кеңейтеді
t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік экономика түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде Қазақстан мен Қытай өзара сенімге, ашықтыққа және ортақ мүддеге негізделген тиімді ынтымақтастық үлгісін қалыптастырғанын айтты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы серіктестікті одан әрі дамытудың негізгі бағыттарына тоқталып, көлік-логистика саласына ерекше назар аударды.

Қазақстан халықаралық серіктестермен бірлесіп теміржолдардың өткізу қабілетін арттыру, автомобиль жолдары мен теңіз порттарын кеңейту, жүк авиациясын және шекара маңы инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Президенттің айтуынша, Ляньюньганнан Ақтауға дейін Қытай жағалауын Каспий теңізімен байланыстыратын логистикалық тораптар желісі қалыптасқан.

Алдағы уақытта Ченду қаласындағы қазақ-қытай терминалы осы бағыттың маңызды бөлігіне айналмақ. Сондай-ақ Қазақстан Чендуда Бас консулдық ашуды жоспарлап отыр. Мемлекет басшысы Азия мен Еуропаны байланыстыратын Орта дәлізді дамытуға да басымдық берілетінін атап өтті.

Болжам бойынша, 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы қатынайтын контейнерлік пойыздар саны үш мыңға дейін артуы мүмкін. Бұл Қазақстанның халықаралық көлік-логистика жүйесіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді. Президент бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын да айтты. Биыл тамызда Арал – Каспий автомагистралінің құрылысы басталды. Жаңа жол Шығыс пен Батысты байланыстыратын бағыттың өткізу мүмкіндігін бірнеше есе арттыруға тиіс.

Сонымен қатар Мойынты – Қызылжар және Бақты – Аягөз теміржол жобалары жүзеге асырылып жатыр. Ал «Ақылды шекара» пилоттық жобасы аясында жүк тасымалын цифрландыру және оның ашықтығын арттыру көзделген. Қазақстан Қытайдың Minmetals Logistics корпорациясымен бірлесіп жүргізушісіз көлік технологиялары мен цифрлық шешімдер қолданылатын логистикалық дәліз құруды жоспарлап отыр.

Мультимодальді тасымалды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Alatau Air Cargo ұлттық жүк тасымалдаушы әуе компаниясы жұмысын бастады. Қазақстан нарығына халықаралық жүк әуе тасымалдаушылары да шығып жатыр.

Қазақстан мен Қытай арасындағы жолаушылар әуе қатынасы да кеңейіп келеді. Биыл Алматы – Сиань, Алматы – Шанхай, Астана – Гуанчжоу және Ақтау – Үрімжі бағыттары ашылды. Сондай-ақ Алматы мен Чунцин арасында тікелей әуе рейсі іске қосылды.

Осы жобалар Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік және логистикалық әлеуетін одан әрі арттыруға бағытталған.