Қазақстан мен Оңтүстік Корея ғарыш жобаларын талқылады

Қазақстан мен Оңтүстік Корея ғарыш жобаларын талқылады
primeminister.kz

Қазақстан мен Оңтүстік Корея ғарыш саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Сеулде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев Оңтүстік Кореяның ғарыш компанияларының бірі CONTEC Space Group-тың құрастыру-сынау кешеніне барды. Кездесу барысында компания басқарма төрағасы Ли Сонхимен технологиялық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері қаралды.

Тараптар CONTEC-тің «Ғалам» жобасына инвестиция салу жоспарын, спутниктер мен олардың бөлшектерін бірлесіп өндіруді және жерүсті стансаларының желісін кеңейтуді талқылады.

Қазақстанда спутник компоненттерін өндіретін арнайы өндірістік хаб құру да ұсынылды. Мұнда шығарылған өнімдерді кейін Орталық Азия, Таяу Шығыс және Еуропа елдеріне экспорттау көзделіп отыр. Сонымен қатар ірі жерүсті антенналарын өндіруді Қазақстанда жолға қою мүмкіндігі қарастырылды.

Кездесуде жасанды интеллект арқылы спутниктік суреттерді өңдеу технологияларын дамытуға да көңіл бөлінді. Бұл Жерді қашықтан зондтау деректерін жылдам талдап, оларды түрлі салаларда тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

CONTEC Space Group құрамына CONTEC, Asia Pacific Satellite Corporation және Texas Space Communication компаниялары кіреді. Топ Оңтүстік Кореяның мемлекеттік спутниктеріне арналған борттық компьютерлерді жеткізеді. Сондай-ақ оның әлемнің әр елінде орналасқан 17 жерүсті стансасы бар.

Алдағы уақытта Қазақстанда CONTEC-тің еншілес компаниясын ашу және ынтымақтастықтың нақты шарттарын келісу жоспарланып отыр. Бірлескен жобалардың толық мәліметі Қазақстан Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары кезінде таныстырылмақ.

Тараптар жоспарлаған жобалар жүзеге асса, Қазақстанда ғарыш техникасын өндіру мүмкіндігі артып, спутниктік деректерді өңдеу саласындағы мамандар мен технологиялық құзыреттердің дамуына жол ашылады. Сонымен бірге отандық өнімді шетел нарығына шығару мүмкіндігі кеңеюі мүмкін.