Қазақстан мен Ресей трансшекаралық өзендер мәселесін талқылады
Екатеринбургте Трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясының XVI отырысы өтті. Қазақстан делегациясын Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев басқарды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кездесуде тараптар комиссияның бұған дейінгі отырысында қабылданған шешімдердің орындалуын қарастырды. Атап айтқанда, көктемгі су тасқынын өткізу, су қоймаларын толтыру, тұрғындар мен экономика салаларын сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сонымен қатар трансшекаралық су ресурстарына жүргізілген мемлекеттік мониторинг нәтижелері мен су қорғау шараларының тиімділігі қаралды.
Отырыста Жайық, Ертіс және өзге де ірі трансшекаралық өзендер бассейндерінде зерттеу жүргізуге арналған Бірыңғай жол картасын жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Қараөзен мен Сарыөзеннің су шаруашылығы балансын әзірлеу мәселесі сөз болды.
«Комиссия көктемгі су тасқыны мен су басу кезеңінде өзара іс-қимыл жасау жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобы қызметінің оң нәтижелерін атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша 2027 жылға арналған жұмыс топтарының құрамы мен іс-шаралар жоспары бекітіліп, Бірлескен комиссияның келесі отырысына дайындық мәселелері қаралды», – деді Арсен Жақанбаев.
Кездесу қорытындысында тараптар су ресурстарын тиімді пайдалану және трансшекаралық өзендерді қорғау бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.