Қазақстан мен Швейцария арасында тікелей әуе қатынасын дамытуға мүмкіндік беретін жаңа келісімдерге қол қойылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Астанада екі елдің авиациялық биліктері арасында келіссөздер өтіп, оған Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті, Швейцарияның Федералдық азаматтық авиация басқармасы, сондай-ақ Air Astana, SCAT және SWISS International Air Lines әуе компанияларының өкілдері қатысты.
Кездесуде екі ел арасындағы тікелей рейстерді ашу және жаңа әуе бағыттарын іске қосу мәселелері талқыланды. Келіссөздер қорытындысында Қазақстан мен Швейцарияның авиациялық биліктері Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, тағайындалған әуе компаниялары аптасына 28 жолаушылар рейсіне дейін орындау құқығына ие болады. Сонымен қатар жүк тасымалдарын рейс жиілігі мен сыйымдылығына шектеусіз жүзеге асыруға мүмкіндік беретін құқықтық негіз қалыптасты.
Тараптар бұдан бөлек, кейін қол қою жоспарланған Әуе қатынасы туралы келісімнің жобасын келісіп, парафирледі.
Швейцария тарапы Қазақстанға тұрақты рейстер ашу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.
Тікелей әуе қатынасының іске қосылуы екі ел арасындағы туризм, сауда-экономикалық және іскерлік байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді.