Қазақстан мен Тәжікстан 135 млн доллардан астам сомаға келісім жасасты
Астанада Қазақстан мен Тәжікстанның бизнес-форумы өтіп, екі елдің кәсіпкерлері жалпы құны 135,3 миллион АҚШ долларын құрайтын 11 келісімге қол қойды. Жиында сауда, инвестиция, энергетика және жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Іс-шара Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға ресми сапары қарсаңында ұйымдастырылды. Форумға Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров қатысып, екі мемлекет арасындағы экономикалық байланысты нығайту бағыттарын талқылады.
Кездесуде тараптар өзара тауар айналымын арттыру, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту, цифрлық экономиканы ілгерілету және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ ақпараттық технологиялар, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект және жаңартылатын энергетика салаларындағы бірлескен бастамалар сөз болды. Әсіресе баламалы энергия көздерін дамыту мәселесіне басымдық берілді. Тәжікстанда энергетикалық қуаттардың 98 пайызы жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Оның негізгі бөлігін су электр станциялары құрайды.
Қазақстан да жаңартылатын энергетика саласын кеңейту бағытында бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елде экологиялық таза энергия өндіру көлемін ұлғайту және жаңа энергетикалық нысандар салу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта Қазақстанның энергетикалық жүйесінде 254 энергия нысаны бар. Оның 172-сі жаңартылатын энергия көздеріне жатады. Елдегі электр станцияларының жалпы белгіленген қуаты 27,1 гигаватқа жетсе, соның 3,8 гигаваты жаңартылатын энергетика үлесіне тиесілі. Саладағы өсім көрсеткіштері де жоғарылап келеді. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында елімізде өндірілген электр энергиясының 8,5 пайызы жаңартылатын энергия көздерінен алынды. Бұл жоспарланған 7 пайыздық межеден жоғары.
Энергетика саласындағы басым бағыттардың бірі – күн электр станцияларын дамыту. Мұндай жобалар ашық аукциондар арқылы және шетелдік стратегиялық инвесторлармен жасалған үкіметаралық келісімдер негізінде іске асырылуда.
Қазір Қазақстанда жалпы қуаты 900 мегаватт болатын ірі күн электр станцияларын салу жобалары әзірленген.
Ал 2035 жылдың соңына дейін елімізде жалпы қуаты кемінде 8,4 гигаватт болатын жаңа жаңартылатын энергия нысандарын іске қосу жоспарланып отыр. Оның шамамен 1,8 гигаваты күн энергетикасына тиесілі болмақ.
Бизнес-форумның маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақстан мен Тәжікстан кәсіпкерлері арасындағы жаңа келісімдер. Екі елдің іскер топтары экономиканың түрлі салаларын қамтитын 11 құжатқа қол қойды. Олардың жалпы құны 135,3 миллион АҚШ долларын құрайды.
Бұл келісімдер өзара сауда байланысын кеңейтуге, бірлескен жобаларды дамытуға және екі мемлекет арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.