BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Қазақстан мен Үндістан басшылары екіжақты ынтымақтастықты талқылады

Дана Зарылханқызы
t.me/aqorda_resmi
Бөлісу Telegram

Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди БРИКС саммитіне қатысқаны үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, Мемлекет басшысы ұсынған бастамалардың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесу барысында Нарендра Моди Қазақстанмен достық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын жеткізді.

Тараптар энергетика, цифрландыру, білім беру және туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін қарастырды. Үндістан Премьер-министрі екі елдің жоғары технологиялар мен креативті индустрия салаларындағы мүмкіндіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, Astana Hub пен Хайдарабадтың технологиялық экожүйелері арасындағы серіктестіктің әлеуеті жоғары.

Сонымен қатар Нарендра Моди Қазақстан өкілдерін, әсіресе жастарды келесі жылы Мумбайда өтетін WAVES креативті индустрия саммитіне қатысуға шақырды.

Кездесуде Үндістан мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері де талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ЕАЭО-ға төрағалығы аясында Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздерді қолдайтынын айтты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Нарендра Модиді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.-

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары