Қазақстан мұнай-газ саласында отандық өндірісті арттырмақ

Қазақстан мұнай-газ саласында отандық өндірісті арттырмақ
Gov.kz

Алматыда «Мұнай және газ» KIOGE-2026 халықаралық көрмесі мен конференциясы өтіп жатыр. 30-шы рет ұйымдастырылған мерейтойлық шараға Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров қатысты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

«Атакент» көрме орталығында өткен шараға әлемнің 62 елінен 500-ден астам компания жиналды. Ерлан Акбаров БАӘ, Өзбекстан және Қырғызстанның энергетика саласының басшыларымен, сондай-ақ халықаралық энергетикалық ұйымдардың өкілдерімен бірге қазақстандық және шетелдік компаниялардың жаңа әзірлемелерімен танысты.

Вице-министрдің айтуынша, көрменің негізгі мақсаты – ұсынылған технологияларды іс жүзінде өндіріске енгізіп, іскерлік байланыстарды ұзақ мерзімді келісімдерге айналдыру.

«Жаһандық интеграция: Қазақстанның жаңа энергетикалық тізбектердегі рөлі» пленарлық отырысында мұнай-газ саласын дамытудың төрт негізгі бағыты аталды. Олардың қатарында терең қабаттарды зерттеу арқылы ресурстық қорды ұлғайту, кен орындарындағы мұнай өндіру тиімділігін арттыру, өндірісті ел ішінде жолға қою және көмірсутектерді терең өңдеуге көшу бар.

Ерлан Акбаров Қазақстанның дайын жабдықтарды импорттауға тәуелділігін азайтып, өз өндірісін және отандық инжинирингті дамытуға басымдық беретінін айтты. Бұл бағыт жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Геологиялық барлау жұмыстары да жандана түспек. 2026 жылы елімізде шамамен 80 барлау-бағалау ұңғымасын бұрғылау жоспарланған. Ал 2027–2028 жылдары олардың санын жыл сайын 120-ға дейін жеткізу көзделіп отыр. Аз зерттелген учаскелер бойынша электрондық аукциондар өтінім түскеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде өткізіледі. Инвесторлар учаске аумағының кемінде 30%-ында сейсмикалық барлау жүргізуге міндетті.

Сонымен қатар Энергетика министрлігі жасанды интеллект қолданылатын 45 жобадан тұратын портфель қалыптастырған. Геологиялық барлау саласында Shell және Ұлттық геологиялық қызметпен бірлесіп архив деректерін цифрландыру және қайта талдау жобасы жүзеге асырылып жатыр. Мұнай өндіру саласында 4 мыңнан астам ұңғыманың жұмысын онлайн бақылауға мүмкіндік беретін отандық жүйе енгізілген. Жобаның арқасында жабдықтардың бос тұру уақытын 20%-ға азайтып, жылына 1 млрд теңгеге дейін экономикалық тиімділікке қол жеткізу жоспарланып отыр.

Вице-министр мұнай-газ машина жасау саласында жергілікті қамтуды арттыру нақты өндіріс орындарын ашумен және жаңа жұмыс орындарын құрумен ұштасуы керектігін атап өтті. Осы мақсатта бес және он жылға арналған ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар енгізілуде.

Ерлан Акбаров сала өкілдерін 16 қазанда Орал қаласында өтетін мұнай-газ машина жасау форумына қатысуға шақырды. Онда ірі кен орындарының операторларымен тікелей тапсырыстар қалыптастыру мәселелері қарастырылады.

KIOGE-2026 аясындағы салтанатты шарада вице-министр Қазақстанның мұнай-газ саласының дамуына үлес қосқан геологтар, бұрғышылар мен инженерлерге «KIOGE аңызы» салалық марапаттарын табыстады.