Қазақстан мұнай өңдеу зауыттарын кеңейтіп, жаңа мұнай өңдеу және мұнай-химия кешенін салу арқылы елдегі жалпы өңдеу қуатын жылына 39 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан KIOGE 2026 халықаралық көрмесі мен конференциясында Энергетика министрлігінің Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаев мәлімдеді.
Жоспар бойынша жаңа мұнай өңдеу кешенінің жылдық қуаты 10 млн тоннаға дейін жетеді. Оны 2033 жылға дейін іске қосу көзделген. Қазір жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Зауыт салынуы мүмкін төрт өңір қарастырылуда. Олар - Ұлытау, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстары. Құрылыс жүргізілетін нақты өңірді биылғы жылдың соңына дейін анықтау жоспарланған.
Дәулет Арықбаевтың айтуынша, жаңа кәсіпорын болашақ мұнай-химия кластерінің негізгі бөлігіне айналмақ.
Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарының жалпы қуатын қазіргі 18 млн тоннадан жылына 29,2 млн тоннаға дейін жеткізу көзделген.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты 2030 жылға қарай 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін екі есе ұлғайтылмақ. Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін CNPC-нің Шығыс Қытай жобалау институты әзірлеп жатыр. Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын 2031 жылға қарай 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Ал Атырау мұнай өңдеу зауытында бұл көрсеткіш 2028 жылға қарай 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін өспек.
Өңдеу көлемінің артуына байланысты мұнай тасымалдау инфрақұрылымы да кеңейтіледі. Шымкент зауытын қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін Қазақстан – Қытай мұнай құбыры жүйесін кеңейту, бес жаңа мұнай айдау станциясын салу және ұзындығы 189 шақырым болатын қосымша құбыр желісін тарту қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ Кенқияқ – Атырау мұнай құбырының өткізу қабілетін жылына 15 млн тоннаға, Кенқияқ – Құмкөл учаскесін 20 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланған.
Бұған дейін Caspi Bitum зауытын кеңейту аяқталып, оның мұнай өңдеу қуаты жылына 1,5 млн тоннаға жетті. Жол битумын өндіру көлемі де 750 мың тоннаға дейін артты. Бұдан бөлек, Қазақстанда Jet A-1 авиациялық отынын өндіру жоспарланып отыр.
Дәулет Арықбаевтың мәліметінше, Қазақстанда өндірілетін мұнайдың шамамен 80%-ы экспортқа шығарылады. Экспорттық мұнайдың 80%-дан астамы Каспий Құбыр Консорциумы арқылы тасымалданады.
Бұдан бөлек, мұнайды Атырау – Самара бағытымен, Қытайға және Ақтау порты арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағытымен тасымалдау мүмкіндіктері пайдаланылып келеді.