BASPASOZТолық нұсқа
Ғылым

Қазақстан Northeastern University-мен ынтымақтастықты кеңейтеді

Gov.kz
Бөлісу Telegram

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Astana IT University-де Northeastern University президентінің аға кеңесшісі Усама Файядпен кездесті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Тараптар жоғары білім мен ғылым саласындағы байланысты нығайту, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ Northeastern University-дің Қазақстандағы білім беру және ғылыми-зерттеу экожүйесін дамытуға қатысу перспективалары қарастырылды.

Кездесуде Саясат Нұрбек Қазақстанның өңірлік білім беру орталығы ретіндегі әлеуетін арттыруға және шетелдің жетекші университеттерімен серіктестікті кеңейтуге басымдық беріліп отырғанын айтты. Қазір елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары мен кампустары ашылып, қазақстандық университеттермен бірлескен білім беру бағдарламалары іске асырылып келеді.

Талқылаудың негізгі бағыттарының бірі жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлау болды. Министр Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын жоғары білім беру жүйесіне енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Атап айтқанда, студенттердің осы саладағы базалық және тереңдетілген дағдыларын дамытуға арналған AI-Sana бағдарламасына тоқталды. Сонымен қатар оқытушылардың цифрлық біліктілігін арттыру мәселесі сөз болды. Қазақстан білім беру, ғылыми зерттеу және басқару үдерістерінде жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін халықаралық технологиялық компаниялар және білім беру платформаларымен ынтымақтастықты дамытып келеді.

Кездесу барысында зерттеу университеттерін дамыту, халықаралық тәжірибені пайдалану және технологиялар трансферін күшейту мәселелері де қаралды. Бұл бағытта қазақстандық жоғары оқу орындарының мүмкіндіктерін шетелдік университеттердің тәжірибесімен ұштастыру көзделген.

Кездесу қорытындысында тараптар білім беру бағдарламалары, ғылыми жобалар мен академиялық ұтқырлық бағыттарындағы ықтимал ынтымақтастықты одан әрі талқылауға мүдделі екенін білдірді.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары