Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында еліміздің өңірлерінде әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамыту, денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, ауылдық аумақтарды қолдау және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасып жатыр, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бірқатар өңірде жаңа нысандар пайдалануға беріліп, түрлі жобалар іске қосылды.
Агроөнеркәсіп кешені
Қарағанды облысының Осакаров ауданында «Евразия Инвест LTD» компаниясының ірі тауарлы-сүт фермасының бірінші кезеңі іске қосылды. Жобаға 30 млрд теңгеден астам инвестиция салынған.
Ферманың алғашқы кезеңі 1,2 мың бас сауын сиырға есептелген. Жоба толық аяқталғаннан кейін сиыр саны 6 мыңға, ал жалпы мал басы 15 мыңнан асады. Негізгі мақсат — отандық агроөнеркәсіп кешенін дамыту және сүт өңдеу кәсіпорындарын жергілікті шикізатпен қамтамасыз ету.
Денсаулық сақтау
Өңірлерде медициналық диагностика мен зертханалық инфрақұрылымды дамытуға да көңіл бөлініп отыр.
Түркістан қаласында заманауи вирусологиялық зертхана ашылды. Бұған дейін биологиялық сынамалар зерттеу үшін еліміздің басқа өңірлеріне жіберілетін. Енді қажетті талдауларды жергілікті жерде жүргізуге мүмкіндік бар. Бұл зерттеу нәтижелерін алу уақытын қысқартып, зертханалық қызметтердің қолжетімділігін арттырады және эпидемиологиялық бақылауды күшейтеді.
Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының Бадамша ауылында төрт қабатты аудандық диагностикалық орталық пайдалануға берілді. Мұнда ультрадыбыстық зерттеу, ФГДС, ЭКГ, маммография, флюорография, рентген диагностикасы және биохимиялық зерттеулер жүргізіледі.
Жамбыл облысының медицина жүйесі «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен сатып алынған екі жылжымалы медициналық кешенмен толықты. Оның бірінде компьютерлік томограф, екіншісінде цифрлық маммограф пен сараптамалық деңгейдегі УДЗ аппараты бар. Кешендер шалғай ауыл тұрғындарына заманауи медициналық диагностика қызметтерін жақындатуға, соның ішінде онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Көлік және логистика
Түркістан облысында «Сарыағаш» теміржол вокзалы жаңғыртылды. Вокзалдың аумағы 449,1 шаршы метрден 558,5 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Нысан тәулігіне шамамен 150 жолаушыға қызмет көрсетуге арналған.
Жетісу облысында облыстық маңызы бар «Талдықорған — Үштөбе» автожолының 42 шақырымдық бөлігіне жөндеу жүргізілді. Жұмыстар мамыр айында басталып, белгіленген мерзімнен екі ай бұрын аяқталды.
Геологиялық барлау
Қарағанды облысында геологиялық барлау саласына арналған «ЖанаLAB» зертханалық-талдау кешені ашылды. Құны шамамен 9 млрд теңге болатын жобаны Solidcore Resources компаниясы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырды.
Зертхана жылына 200 мыңға дейін сынама қабылдай алады. Жаңа кешен геологиялық барлау жұмыстарын тиімді жүргізуге, зерттеу нәтижелерін жылдам алуға және шамамен 150 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік инфрақұрылым
Абай облысының Бесқарағай ауданында жаңа өрт сөндіру станциясы іске қосылды. Бұл өңірдегі орман қоры ең көп аудандардың бірі. Мұнда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының алты филиалына қарайтын 390 мың гектар орман орналасқан.
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Қасым Қайсенов кентінде отбасылық демалыс пен спортқа арналған жаңа сквер ашылды. Аумағы 16 мың шаршы метрге жуық нысанның құны 470 млн теңгеден асады. Бұған дейін абаттандырылмаған сайдың орнында салынған сквер тұрғындардың ұсыныстары ескеріле отырып жасақталған.
Мұнда балалар алаңы, футбол алаңы, воркаут аймағы, көше тренажерлері, серуендеуге арналған жолдар мен жарықтандыру жүйесі бар.
Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданының Құлынжон ауылында жаңа интернат пен спорт кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысандар шалғай елді мекендерден келген балалардың білім алуына, тұруына және спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.