Қазақстан Ресейде әскери келісімшартқа отыруға мәжбүр болған қазақстандықтар жайлы нота жолдаған

Қазақстан Ресейде әскери келісімшартқа отыруға мәжбүр болған қазақстандықтар жайлы нота жолдаған
фото: assembly.kz

Қазақстан Ресейде әскери келісімшартқа отыруға мәжбүр болған қазақстандықтар жайлы нота жолдаған, деп жазады Азаттық.

Қазақстан Ресейге жұмысқа кетіп, кейін өзін мәжбүрлі түрде Украинадағы соғысқа әкетіп бара жатқанын отбасына хабарлаған Қазақстан азаматы Мирас Тасжарғановтың және тағы бірнеше қазақстандықтың елге қайтуына жәрдем көрсетуді сұрап, Ресей сыртқы істер министрлігіне нота жолдаған. Мұны Азаттықтың сауалхатына берген жауабында Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады.
 

2026 жылғы 18 қыркүйекте елшілік Ресей Федерациясының сыртқы істер министрлігіне аталған азаматтардың Қазақстанға қайтуына жәрдем көрсету туралы нота жолдаған,  - делінген Қазақстан СІМ-нің Азаттыққа жауап хатында.



Бұған дейін Астана тұрғыны Гүлжан Тасжарғанова интернеттегі хабарландыруға сеніп Ресейге табыс табуға кеткен ұлы Мирас Тасжарғанов уәде етілгеннен басқа жұмыс істегенін, кейін оны мәжбүрлеп Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырғызғанын Азаттыққа айтқан.

22 қыркүйекте видеобайланыс арқылы анасымен сөйлескен Мирас өзін соғысқа алынған басқа адамдармен бірге әскери көлікпен Украинаға әкетіп бара жатқанын хабарлап үлгерген. Жігіт "қатты өкінетінін" айтып, жақындарынан кешірім сұраған. Қазір Мирас Тасжарғановтың нақты қай жерде екені белгісіз.