Қазақстан салық пен кеденге ЖИ енгізуді талқылады

Қазақстан салық пен кеденге ЖИ енгізуді талқылады
Gov.kz

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті салық және кеден саласын цифрландыру, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндіктерін Boston Consulting Group (BCG) өкілдерімен талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

30 қыркүйекте Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Инкербаев халықаралық консалтингтік компания делегациясымен кездесті.

Кездесуде мемлекеттік кірістер органдарын цифрлық жаңғыртудың негізгі бағыттары сөз болды. Атап айтқанда, салық және кедендік әкімшілендіруде жасанды интеллект пен деректерді талдау құралдарын қолдану, транзиттік тасымалдарды цифрландыру және көршілес мемлекеттермен электронды ақпарат алмасуды дамыту мәселелері қаралды.

Тараптар Қазақстанның мемлекеттік кірістер жүйесін цифрландыру тәжірибесіне де тоқталды. Қолданыстағы отандық шешімдер Орталық Азияның басқа мемлекеттеріне де пайдалы болып, өңірлік ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретіні айтылды.

BCG цифрлық трансформация, деректерді талдау және жасанды интеллектіні енгізу бағытында мемлекеттік органдармен және халықаралық ұйымдармен жұмыс істейді. Компания Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA) бірлесіп DXLab бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Жоба мемлекеттік басқару, көлік және инфрақұрылым секілді салаларға цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған.

Кездесу соңында тараптар цифрлық технологиялар бойынша тәжірибе алмасып, осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін білдірді.