Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің медициналық ұйымдарын бір цифрлық кеңістікке біріктіру бастамасын көтерді. Жоба азаматтардың шетелден мамандандырылған медициналық көмек алуын жеңілдетуге бағытталған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Бұл ұсынысты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымы денсаулық сақтау министрлерінің алтыншы кездесуінде таныстырды.
Жоспар бойынша бірыңғай платформада ұйымға мүше елдердегі жетекші клиникалар, дәрігерлер, емдеу бағыттары мен қолжетімді медициналық қызметтер туралы ақпарат жинақталады. Пациенттер сол арқылы клиника таңдап, алдын ала кеңес алып, шетелде емделуді ұйымдастырып, кейінгі медициналық бақылаудан өте алады.
Бастама аясында елдер арасында медициналық деректерді қауіпсіз алмасу тетіктерін қалыптастыру да көзделген. Бұл шетелде ем қабылдайтын науқастың денсаулығына қатысты қажетті ақпаратты дәрігерлерге жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Дербес мәліметтерді қорғау талаптары сақталуға тиіс. Қазақстанда қазірдің өзінде медициналық ақпаратты біріктіретін Медициналық деректердің бірыңғай қоймасы іске қосылған. Ол азаматтардың денсаулық жағдайы туралы цифрлық бейін қалыптастыруға негіз болады.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, цифрландырудағы негізгі мақсат – технологиялардың санын көбейту емес, олардың пациентке нақты пайдасын арттыру.
Қазақстан сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі медициналық технологияларды ТМҰ елдерімен бірлесіп сынауды ұсынды. Тиімділігі дәлелденген шешімдерді кейін ұйымға мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау жүйесіне енгізу қарастырылмақ. Қазір елімізде инсультті ерте анықтауға арналған Cerebra AI және стоматологиялық кескіндерді талдайтын AIDENTIS жүйелері қолданылып жүр. Бұдан бөлек, өкпе мен сүт безі обырын ерте анықтау, көз ауруларын диагностикалау және дәрігерлердің жұмысын жеңілдету бағытындағы ЖИ жобалары сынақтан өтуде.
Қазақстан санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды цифрландыру, қауіп-қатерлерді бақылау және алдын ала болжау тәжірибесімен де бөлісуге дайын екенін білдірді. Сонымен қатар тараптарға медициналық алгоритмдерді клиникалық бағалау, деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жаңа технологияларды қолдану этикасына қатысты ортақ талаптар әзірлеу ұсынылды.
Бастамалар түркі елдері азаматтарының заманауи медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттырып, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.