Қазақстан жастарын не толғандырады?

Қазақстан жастарын не толғандырады?
ЖИ арқылы жасалған

Қазақстан жастарының 82,7 пайызы елдің болашағына сеніммен қарайды. Бұл туралы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Зерттеу деректеріне сәйкес, жастардың 77 пайызы алған немесе алып жатқан білімінің сапасына қанағаттанған. Ал 76,5 пайызы қазіргі өміріне көңілі толатынын айтқан. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 62,9 пайызы білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын меңгерудің маңызын атап өткен.

Қазір Қазақстанда шамамен 6 млн жас бар. Бұл ел халқының үштен біріне жуық бөлігін құрайды.

Жастарды қолдау шаралары білім беру, жұмыспен қамту, тұрғын үй, кәсіпкерлік, шығармашылық және қоғамдық белсенділік бағыттарын қамтиды. Өңірлерде уақытша жұмыссыз жүрген жастарды әлеуметтік ортаға бейімдеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде NEET санатындағы жастардың саны азайып келеді. Соңғы жылдары білім мен ғылымға салынатын инвестиция көлемі бес еседен астам өскен. Ал білім беру жүйесінің бюджеті үш есеге артқан. 2024 жылы студенттердің шәкіртақысы екі есе көбейтілді.

Соңғы бес жылда білім гранттарының саны 1,5 есеге өсті. Осы кезеңде 250-ден астам студенттік жатақхана пайдалануға беріліп, орын тапшылығы алты есеге қысқарды.

Жастардың технологиялық сауатын арттыруға да басымдық беріліп отыр. Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай ұлттық суперкомпьютер жобасы жүзеге асырылып, Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығы мен осы салаға бағытталған зерттеу университеті құрылды.

35 жасқа дейінгі азаматтарға «Наурыз» және «Отау» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары қолжетімді. Бұдан бөлек, 17 өңірде жас мамандарға арналған жергілікті ипотекалық бағдарламалар іске асырылуда.

Жұмыспен қамту саласында соңғы бес жылда шамамен 1,4 млн жас мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Жыл сайын 35 мыңнан астам адам «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарында жұмыс істейді. Оның ішінде шамамен 10 мыңы – ауыл жастары.

Жастар арасында кәсіпкерлікке қызығушылық та артып келеді. Соңғы бес жылда 192 мың жас кәсіпкерлік негіздерін меңгерсе, 22,6 мың адам өз кәсібін ашуға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болған.

Шығармашылық бағытта да жастарға арналған мүмкіндіктер кеңейіп келеді. Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты төрт жоғары оқу орны, төрт колледж және екі мамандандырылған музыка мектебінде 11 мыңнан астам адам білім алып жатыр.

2026 жылдың басынан бері 1548 оқушы мен студент республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдерге қатысты. Олардың 1200-ден астамы жүлдегер атанды.

Креативті индустрияларды дамыту үшін еліміздің барлық өңірінде шығармашылық орталықтар жұмыс істейді. Мұнда жас дизайнерлер, музыканттар, суретшілер, қолөнершілер, кино, медиа, IT және digital саласының өкілдері білім алып, серіктестер тауып, жобаларын дамытуға мүмкіндік алады. Осы бағытта Астанада Креативті индустрияларды дамыту қоры да ашылды.

Жас авторларды қолдау мақсатында «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы және 18-35 жас аралығындағы қаламгерлерге арналған Президенттік әдеби сыйлық тағайындалған. Сонымен қатар жыл сайын балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалар жарық көріп, олар ел кітапханаларына және Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасына ұсынылады.

Жастарды қоғамдық және мемлекеттік үдерістерге тарту да жалғасып жатыр. Қоғамдық кеңестердегі жастар квотасын 2027 жылға қарай 20 пайызға жеткізу жоспарланған.

Президенттік жастар кадр резервіне төрт рет іріктеу жүргізілді. 60 мың үміткердің арасынан 500 адам таңдалып, олардың 418-і жауапты мемлекеттік қызметтерге тағайындалды.

Еріктілік қозғалысына да жастар белсенді қатысып келеді. Қазір Қазақстанда қоғамдық маңызы бар және халықаралық бастамаларға атсалысатын 300 мыңнан астам волонтер бар.

Дарынды жастарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты беріледі. Бұл жобалар жастардың шығармашылық, әлеуметтік және кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

Бұған дейін жүргізілген зерттеуде қазақстандық жастардың 80 пайызы үшін отбасылық құндылықтар маңызды екені анықталған.