Қазақстанда 100 жастан асқан 44 адам бар. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мәлімдеді, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
1 қазанда Қазақстанда Қарттар күні аталып өтеді. Бұл күн елімізде 35 жылдан бері үлкендердің қоғамға қосқан үлесін бағалап, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесіне құрмет көрсетуге арналған.
Еліміздегі зейнеткерлер арасында ғасыр жасағандар да бар. Қазір Қазақстанда 100 жасқа толған және одан асқан 44 адам тұрады. Олардың арасындағы ең жасы үлкен әйел Шымкентте тұрады. Биыл оның жасы 106-ға келген.
Ал ер адамдар арасындағы ең үлкені - Алматы қаласының 104 жастағы тұрғыны. Ол - Ұлы Отан соғысының ардагері, ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор және академик.
Қазір Қазақстанда 2,4 миллионнан астам адам зейнетақы алады. Олардың 64 пайызы - әйелдер, 36 пайызы - ерлер.
Бұған дейін жарияланған деректерге сәйкес, алдағы жылдары Қазақстанда егде жастағы тұрғындардың үлесі арта түспек. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай елдегі әрбір алтыншы адамның жасы 60-тан асуы мүмкін.