Қазақстанда 16,2 млн тонна астық жиналды
Қазақстанда егін жинау науқаны жалғасып жатыр. Қазір дәнді дақылдар алқабының 72,5%-ы жиналып, 16,2 млн тонна астық бастырылды. Астық қабылдау кәсіпорындарына түскен жұмсақ бидайдың 74%-ы үшінші сортқа жатқызылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен егін жинау науқаны жөніндегі жедел штаб отырысында айтылды. Жиында егін жинау жұмыстарының барысы, шаруаларды техника, жанар-жағармай және тыңайтқышпен қамту, астық қоймалары мен көлік инфрақұрылымының дайындығы талқыланды.
Биыл еліміздің жалпы егіс алқабы 24,2 млн гектарды құрады. Оның 15,6 млн гектарына дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілген. Қазір 11,3 млн гектар алқап жиналып, орташа өнімділік гектарына 14,2 центнер болды.
Сонымен қатар 1,5 млн гектардан майлы дақылдар жиналып, 1,4 млн тонна өнім бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 9,7 центнерді құрады. Бұдан бөлек, 2,7 млн тонна көкөніс, 1,9 млн тонна бақша дақылы және 1,9 млн тонна картоп жиналды. Жалпы егін жинау қарқыны өткен жылғы деңгеймен бірдей.
Шаруаларды қолдау үшін жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы 664,4 млрд теңгеге 5,8 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды. Техника паркін жаңарту мақсатында 288,1 млрд теңгеге 8,6 мыңға жуық техника жеткізуге 7,5 мыңнан астам келісімшарт жасалды.
2027 жылғы егіс науқанына қажетті тұқым қорының 77%-ы немесе 1,7 млн тоннасы дайын. Тыңайтқышпен қамтамасыз ету деңгейі 87%-ға жетті. Жоспар бойынша 2,1 млн тонна тыңайтқыш жеткізіліп, шаруаларға жөнелтілді.
Егін жинау үшін өңірлерге 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. Астық пен майлы дақылдарды кептіруге тағы 41,3 мың тонна дизель қарастырылған. Науқанға 130 мыңнан астам трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн және басқа да техника тартылды.
Науқан басталғалы лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына 4,4 млн тонна астық жеткізілді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 1,5 есе көп.
Астық тасымалы да артқан. Қаңтар-тамыз айларында теміржол арқылы 9,3 млн тонна астық тасымалданды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға жоғары. Оның ішінде 7,1 млн тоннасы экспортқа шығарылды.
Экспорт көлемінің негізгі бөлігі Орталық Азия елдеріне бағытталды. Аталған кезеңде бұл өңірге 4,8 млн тонна астық жөнелтіліп, жылдық өсім 37%-ды құрады. Өзбекстанға 3,6 млн тонна, Тәжікстанға 998 мың тонна, Қытайға 562 мың тонна астық тасымалданды.
Жиын соңында Серік Жұманғарин әкімдіктерге жаңа өнімді уақытылы қабылдауды тапсырды. Қажет болған жағдайда астық қабылдау кәсіпорындарының тәулік бойы жұмыс істеуі ұйымдастырылмақ. Ал «Қазақстан темір жолына» астық тасымалы үшін жеткілікті вагон санын қамтамасыз етіп, өнімді үздіксіз тасымалдауды ұйымдастыру міндеттелді.