Қазақстанда «2-10-20» және «5-10-20» ипотекалары тоқтай ма? Министрлік жауап берді
Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «2-10-20» және «5-10-20» тұрғын үй бағдарламаларының қаржыландырылуына қатысты түсініктеме берді, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте журналистер Отбасы банктің жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларын қаржыландыруға қажетті қаражаттың жетіспеуі туралы сұрақ қойды. 2026 жылғы 13 қыркүйектегі жағдай бойынша қаржы тапшылығы 96,2 миллиард теңгеден асқан.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков қаржыландыру көлемі жеткіліксіз болған жағдайда «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары тоқтатылуы мүмкін деген қауіп жоқ екенін айтты.
«Биыл бұл бағытты қаржыландыруға республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге қарастырылған. Оның 20 миллиард теңгесі бөлінді. Қалған 30 миллиард теңге жыл соңына дейін бағытталады», – деді ол.
Комитет төрағасының айтуынша, жетіспейтін қаражатты бөлу үшін қаржылық-экономикалық негіздеме әзірленген. Бюджет нақтыланған кезде қосымша қаржы бөлу туралы өтінім енгізіледі.
Сонымен қатар 2027–2029 жылдарға арналған тұрғын үй бағдарламаларын қаржыландыруға қосымша 296,2 миллиард теңге қажет екені айтылды.
«2-10-20» бағдарламасы кімдерге арналған?
Бағдарламаға көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады.
Ипотеканың жылдық мөлшерлемесі – 2 пайыз, бастапқы жарна – кемінде 10 пайыз. Несие 20 жылға дейін беріледі. Бағдарлама бойынша баспананы азамат тұрғын үй кезегінде тұрған өңірден ғана сатып ала алады.
«5-10-20» бағдарламасының шарттары
«5-10-20» бағдарламасы тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке тұрған азаматтарға арналған. Несие мөлшерлемесі – жылдық 5 пайыз, бастапқы жарнасы – кемінде 10 пайыз. Қарыз 20 жылға дейінгі мерзімге рәсімделеді.
Бағдарлама аясында тек бастапқы нарықтағы тұрғын үйді, соның ішінде әкімдіктер салған пәтерлерді сатып алуға болады.