Қазақстанда 20 млн тоннаға жуық астық жиналды
Қазақстанда егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Биыл астық өнімі орташа көпжылдық көрсеткіштен жоғары болады деп күтілуде. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова Үкіметтегі баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Оның айтуынша, бұған дейін елімізде жыл сайын орта есеппен 18-19 млн тонна астық жиналып келген. Қазір егіс алқаптарының шамамен 83%-ында орақ аяқталып, 20 млн тоннаға жуық астық бастырылған.
Жиналған өнімді сақтауға қажетті орын жеткілікті. Қазақстандағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30,5 млн тоннаны құрайды. Оның 13,1 млн тоннасы лицензияланған элеваторларға, 17,4 млн тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қоймаларына тиесілі. Қазір елде 190-ға жуық лицензияланған элеватор жұмыс істейді. Бүгінге дейін қоймаларға 4,9 млн тонна жаңа өнім жеткізілген.
Картоп жинау науқаны да жалғасуда. Қазір 2,5 млн тонна картоп жиналған. Жыл қорытындысында өнім көлемі былтырғы деңгейде, шамамен 2,8 млн тонна болады деп болжанып отыр. Өткен жылы Қазақстан 388 мың тонна картоп экспорттаса, биыл экспорттық әлеует 400 мың тоннаға бағаланған.
Қарағанды және Павлодар облыстарындағы егістіктерде картоптың бағасы келісіне 90-100 теңге шамасында. Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда министрлігі, әкімдіктер және ірі сауда желілерімен бірге өнімнің қажетті көлеміне алдын ала келісімшарт жасау және артығын экспортқа шығару бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Еліміздегі көкөніс сақтау қоймаларының қуаты да маусымаралық қажеттілікті қамтамасыз етуге жеткілікті. Қазақстанда жыл сайын 2,8-3 млн тонна картоп және 2,5-3 млн тонна көкөніс өндіріледі. Ал өнімді келесі маусымға дейін сақтау үшін шамамен 2,5-2,6 млн тонна қойма қуаты қажет. Соңғы үш жылда 700 мың тоннадан астам жаңа сақтау қуаты іске қосылған.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр еті бағасының күрт өсуіне негіз жоқ екенін мәлімдеді. Республика бойынша сиыр етінің орташа бағасы келісіне шамамен 3,8 мың теңгені құрайды. Ведомствоның мәліметінше, ішкі нарық отандық өніммен толық қамтамасыз етілген.
Өткен жылы Қазақстанда 434 мың тонна сиыр еті өндірілген. Биыл өндіріс көлемі артып келеді. Жекелеген өңірлерде баға уақытша құбылғанымен, министрлік тұрақты қымбаттау үрдісі байқалмай отырғанын атап өтті.