Қазақстанда 2026 жылы 188 мың пәтер салу жоспарланған
Қазақстанда 2026 жылдың қорытындысы бойынша 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл шамамен 188 мың пәтерге тең. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері сегіз айда 11,3 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 105,9 мың баспана пайдалануға берілген. Бұл жылдық жоспардың 55,3 пайызын құрайды, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
2025 жылы елдегі тұрғын үй қоры 447,3 млн шаршы метрге жетті. Соңғы бес жылда, яғни 2020 жылдан бері жаңа тұрғын үйлер есебінен қор көлемі 74 млн шаршы метрге ұлғайған. Бұл шамамен 20 пайыз өсімді көрсетеді.
Тұрғын үй ең көп қай жерде салынып жатыр?
2025 жылдың қорытындысы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі жөнінен Астана, Алматы және Шымкент қалалары көш бастады. Астанада – 4,8 млн, Алматыда – 2,6 млн, Шымкентте 1,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Ал 2026 жылдың алғашқы сегіз айында құрылыс қарқыны бойынша:
Астана – 2,7 млн шаршы метр;
Алматы – 1,8 млн шаршы метр;
Алматы облысы – 0,9 млн шаршы метр.
Қазақстандықтардың тұрғын үймен қамтылуы қандай?
2025 жылы бір адамға шаққандағы тұрғын үй көлемі 25,1 шаршы метрді құрады. Қала тұрғындарына орта есеппен 27,4 шаршы метрден, ауыл тұрғындарына 21,3 шаршы метрден келеді.
Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде 0,6 шаршы метрге артқан.
Тұрғын үй кезегінде қанша адам тұр?
2026 жылдың сегіз айындағы мәлімет бойынша баспана кезегінде шамамен 989 мың адам бар. Осы кезеңде 12,7 мың қазақстандық тұрғын үймен қамтамасыз етілген.
Кезекте тұрғандар саны ең көп өңірлер:
Түркістан облысы – 110,5 мың адам;
Шымкент – 88,4 мың;
Алматы – 77,4 мың;
Алматы облысы – 68,8 мың;
Астана – 68,5 мың.
Алматы, Астана және Шымкент қалаларында жеңілдетілген шартпен баспана алуды 234 мыңнан астам адам күтіп отыр. Сегіз айда Алматыда 1064 адам, Астанада 434 адам, Шымкентте 1501 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілген.
Кезекте тұрғандар саны ең аз өңірлердің қатарында Ұлытау облысы бар – мұнда шамамен 8 мың адам тіркелген. Солтүстік Қазақстан облысында 25,9 мың, Шығыс Қазақстан облысында 26,8 мың адам кезекте тұр.
Абай облысында 31,4 мың, Ақмола облысында 31,8 мың адам тұрғын үй кезегінде тұрған.