Қазақстанда 3 градусқа дейін үсік жүреді
29 қыркүйекте Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа температурасы төмендеп, түнде 3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін. Кей аймақтарда жаңбыр мен найзағай, екпінді жел және шаңды дауыл болжанып отыр, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, антициклон әсерінен ел аумағының басым бөлігінде жауын-шашын болмайды. Тек оңтүстік және оңтүстік-батыста атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Республика бойынша жел күшейіп, түнде және таңертең кей жерлерде тұман түсуі ықтимал. Қызылорда облысында түнде дауылды жел, ал Түркістан облысында күндіз шаңды дауыл күтіледі.
Синоптиктердің болжамынша, түнде ауа температурасы -1...-3°C-қа дейін төмендеп, үсік жүруі мүмкін. Мұндай ауа райы Ақмола облысының батысы, солтүстігі мен шығысында, Ақтөбе облысының солтүстік-шығысында, Қостанай облысының солтүстігінде, Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде күтіледі.
Сондай-ақ Павлодар облысының солтүстігі, оңтүстігі мен орталығында, Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында, Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы және таулы аудандарында, Абай облысының батысы, солтүстігі мен орталығында үсік болжанады.
Бұдан бөлек, еліміздің көптеген өңірінде өрт қаупі сақталады. Атырау, Павлодар және бірқатар басқа облыстың жекелеген аудандарында жоғары өрт қаупі жарияланған.
Ал Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында, Ұлытау және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының бірқатар аумағында төтенше өрт қаупі күтіледі.
Бұған дейін синоптиктер Қазақстанда күн суытып, найзағайлы жаңбыр жауатынын және кей өңірлерде 3 градусқа дейін үсік жүретінін ескерткен еді.