Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде 612,9 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылығы белгілі болды. Оның 466,2 млрд теңгесі өтеліп, қалпына келтірілді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Қаржы министрлігіне қарасты Ішкі мемлекеттік аудит комитеті (ІМАК) тоғыз айдағы жұмысын қорытындылап, алдағы міндеттерін белгіледі.
Вице-министр Дәурен Кеңбейіл мен комитет төрағасы Ержан Мыңжасаровтың қатысуымен өткен кеңейтілген жиынға құрылымдық бөлімшелер мен өңірлік департаменттердің басшылары жиналды.
Ресми мәліметке сәйкес, есепті кезеңде ел бойынша 829 аудиторлық тексеру жүргізілген. Нәтижесінде бюджет қаражатын пайдалану барысында жалпы сомасы 612,9 млрд теңгені құрайтын қаржылық заңбұзушылықтар анықталған. Оның 466,2 млрд теңгесі өтеліп, қалпына келтірілген. Жиында аумақтық департаменттердің жұмысы сараланып, мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджет шығындарын қайта қарап, тиімсіз жұмсалатын қаражатты қысқарту қажеттігін айтқан болатын. Мемлекет басшысы қаржылық тәртіпті күшейтуге ерекше назар аударған.
Осыған байланысты вице-министр Дәурен Кеңбейіл мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына бақылауды күшейтіп, аудит сапасын жақсартуды тапсырды. Сондай-ақ тексеру барысында анықталған тәуекелдерге дер кезінде әрекет ету қажеттігін атап өтті.
Алдағы уақытта комитет қаржылық заңбұзушылықтардың алдын алуға, мемлекеттік аудиттің нәтижелілігін арттыруға және бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалу қаупі жоғары салаларды қатаң бақылауға басымдық бермек.