Қазақстанда жаңа оқу жылы басталғалы есірткі қылмыстарына қатысы бар 69 кәмелетке толмаған бала ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның дерегінше, полиция қызметкерлері оқу орындарында 16 мыңға жуық профилактикалық іс-шара өткізген. Оның 5 мыңнан астамына мұғалімдер, психологтар мен дәрігер-наркологтар қатысты.
Ұсталғандардың 40-ы есірткі заттарын өткізді деген күдікке ілінсе, 27 жасөспірімнен аса ірі көлемдегі есірткі табылған. Тағы екі бала есірткіні жарнамалау және насихаттауға байланысты ұсталған. Олардың 52-сі ұл, 17-сі қыз.
Қылмысқа қарсы іс-қимыл комитетінің есірткі қылмысына қарсы басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов ата-аналарды балаларының мінез-құлқы мен араласатын ортасына мұқият болуға шақырды.
Мамандар жасөспірімнің есірткі айналымына қатысы болуы мүмкін екенін көрсететін белгілерге аяқ астынан көп ақша немесе қымбат заттардың пайда болуын, телефон мен хат-хабарларын жасыруын, күмәнді скриншоттарды, сондай-ақ орама, шағын пакет, изолента және электронды таразы сияқты заттардың болуын жатқызады.
Министрлік Қазақстанда есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталатынын еске салды.
Бұған дейін Алматыда «Буран-613» патрульдік экипажы жарты миллиард теңгеге бағаланған ірі көлемдегі есірткі партиясын алып жүрген ер адамды ұстаған еді. Күдікті полицейлерден қашып, жол бойында киімдері мен заттарын тастап кеткен.