Қазақстанда астық тасымалы 13%-ға артты

Қазақстанда астық тасымалы 13%-ға артты
t.me/kolikpress

Атбасарда Көлік министрлігі Астық штабының отырысы өтіп, жаңа өнімді теміржол арқылы тасымалдау және экспортқа шығару мәселелері қаралды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жиынға Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов төрағалық етті. Отырысқа жүк жөнелтушілер, трейдерлер мен экспорттаушылар, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Астық Транс» АҚ, жергілікті әкімдіктер және Ауыл шаруашылығы министрлігінің фитосанитариялық қызмет өкілдері қатысты. Тараптар астық тиеу көлемін, экспорт бағыттарын, вагондардың жеткіліктілігін және жаңа өнімді тасымалдауды ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда теміржолмен 9,3 млн тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 13%-ға көп. Оның ішінде экспорт көлемі 14%-ға артып, 7,2 млн тоннаға жетсе, ел ішіндегі тасымал 8%-ға өсіп, 2,1 млн тоннаны құрады.

Тамызда айлық тасымал көлемі рекордтық 1,2 млн тоннаға жетті. Бұл 2025 жылдың тамызымен салыстырғанда 35%-ға жоғары.

Астық тасымалдау маусымы басталғалы облыстан 80-ге жуық маршруттық пойыз жөнелтілген. Мұндай пойыздар техникалық станцияларда қайта сұрыпталмай, межелі жерге тікелей жеткізіледі. Соның арқасында тасымал уақыты қысқарып, вагондарды келесі рейске жылдамырақ дайындауға мүмкіндік туады. Өзбекстан астық экспортының негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Бұл елге 606,4 мың тонна астық жөнелтілген, яғни облыстан экспортталған өнімнің 43%-ы. Сонымен қатар Ресейге 170 мың тонна, Ауғанстанға 135,6 мың тонна, Тәжікстанға 133,5 мың тонна, Қытайға 84,1 мың тонна астық жеткізілген. Әзербайжан, Қырғызстан, Беларусь, Латвия, Эстония және Түрікменстанға да өнім экспортталды.

Көлік министрлігінің мәліметінше, теміржол саласы жаңа астықты тасымалдауға дайын. Бұл жұмыстарға шамамен 16 мың астық таситын вагон, 17,8 мыңнан астам жабық вагон және 2 мың локомотив жұмылдырылған. Жыл басынан бері локомотивтер саны тағы 169 техникамен толықты.

Экспортты ынталандыру үшін бірқатар бағытта жеңілдетілген тарифтер қолданылады. Өзбекстан аумағындағы Келес – Ғалаба учаскесінде тасымал көлеміне қарай 30%-дан 50%-ға дейін жеңілдік қарастырылған. Ал Келес – Ходжадаулет және Қарақалпақстан – Ғалаба бағыттарында тиісінше 60% және 40% жеңілдік беріледі.

Жиында фитосанитариялық бақылау, тасымалды ұйымдастыру және экспортқа шығарылатын астықты уақытылы жөнелту мәселелері де талқыланды.

Отырыс қорытындысында өзекті мәселелер айқындалып, оларды жедел шешу үшін жауапты тараптарға тиісті тапсырмалар берілді.