Қазақстанда биыл авиациялық отын өндірісі жоспарланған көрсеткіштен жоғары болуы мүмкін. Энергетика министрлігінің мәліметінше, жыл соңына дейін 825 мың тонна авиаотын өндіру көзделіп отыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Бастапқы жоспар бойынша 2026 жылы 750 мың тонна авиациялық отын өндірілуі тиіс еді. Алайда жылдың алғашқы сегіз айында өндіріс көлемі 591 мың тоннаға жеткен.
Министрлік жыл қорытындысында өндіріс 825 мың тоннаны құрайды деп болжап отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 13%-ға жоғары. 2025 жылы Қазақстанда 726 мың тонна авиаотын өндірілген.
Алдағы жылдары өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланған. 2031 жылға қарай Қазақстанда авиациялық отын өндірісін жылына 1,5 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Ведомство мәліметінше, еліміздің азаматтық авиациясы, күштік құрылымдары, азаматтық қорғау органдары мен мемлекеттік материалдық резервтің қажеттілігі отандық авиаотын есебінен толық қамтамасыз етіледі. Ал жолаушылар авиациясының жылдық ішкі қажеттілігі шамамен 680 мың тоннаны құрайды.