Қазақстанда азық-түлік бағасы қалай өзгерді: картоп арзандап, ет бағасы сақталды

Қазақстанда азық-түлік бағасы қалай өзгерді: картоп арзандап, ет бағасы сақталды
ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда соңғы аптада кейбір азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеді. Әсіресе маусымдық көкөністер арзандаған. Ал ұн, сүт, сүзбе және макарон өнімдерінің құны өзгерген жоқ. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенген, деп Baspasoz.kz тілшісі Ulysmedia.kz сілтеме жасап хабарлайды.

Көкөністер бағасы төмендеді

9 қыркүйектегі мәлімет бойынша, бір апта ішінде картоптың бағасы 6,9 пайызға, пияз 5,9 пайызға, қырыққабат 5,1 пайызға, сәбіз 4,5 пайызға арзандаған.

Сондай-ақ алма 0,8 пайызға, нан 0,4 пайызға, ірімшік 0,3 пайызға төмендеді.

Ал бірінші сұрыпты ұн, макарон, сүт пен сүзбенің бағасы өзгеріссіз қалды.

Жалпы алғанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінде айтарлықтай арзандау байқалмайды. Астана, Атырау, Жезқазған, Қызылорда, Өскемен, Семей және Түркістан қалаларында олардың бағасы бір аптада небәрі 0,1 пайызға төмендеген.

Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Таразда баға өзгермеген.

Картоптың ең төмен бағасы Павлодарда

Қазір ел бойынша картоптың орташа бағасы – келісі 217 теңге. Пияз – 156 теңге, сәбіз – 227 теңге.

Бұл өнімдер Павлодарда арзанырақ сатылып жатыр. Мұнда картоптың орташа бағасы 152 теңге, пияз 123 теңге, сәбіз 146 теңге болған.

Қызанақтың бағасы әлдеқайда жоғары. Қазақстан бойынша оның бір келісі орта есеппен 586 теңгеден сатылуда. Бақылау жүргізілген қалалардың ішінде ең төмен баға Таразда тіркелген – 347 теңге.

Ет бағасы қандай?

Сүйекті сиыр етінің орташа бағасы килограмына 3819 теңге болса, тауық етінің бағасы 1747 теңге шамасында.

Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімінде 31 өнім бар.