Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түліктің бағасы төмендеді. 23 қыркүйектегі мәлімет бойынша, бір апта ішінде көкөніс, жеміс-жидек және кейбір ет өнімдері арзандаған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Апта қорытындысында пияз бағасы 4,3%-ға, сәбіз 2,8%-ға, алма 2,5%-ға, қияр 1,3%-ға, картоп 0,9%-ға төмендеді. Қант пен тауық еті 0,5%-ға, сүйекті сиыр еті 0,4%-ға арзандады.
Ал қой еті, сүзбе және қырыққабат бағасында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ.
Өңірлер арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік Қарағандыда бір аптада 0,4%-ға арзандады. Ақтөбе мен Жезқазғанда баға 0,2%-ға, Түркістанда 0,1%-ға төмендеген.
Астана, Алматы, Көкшетау, Шымкент, Қонаев, Павлодар және Семейде баға өткен аптадағы деңгейде сақталды.
Ел бойынша пияздың орташа бағасы келісіне 142 теңге болды. Ең арзан пияз Талдықорғанда тіркеліп, келісіне 107 теңгеден сатылған.
Сәбіздің орташа бағасы – 215 теңге. Ең төмен баға Павлодарда тіркелді – келісіне 140 теңге.
Алманың ел бойынша орташа бағасы келісіне 727 теңгені құрады. Шымкентте алма 554 теңгеден сатылған.
Қызанақтың орташа бағасы келісіне 668 теңге болды. Ең төмен баға Таразда – 412 теңге, Түркістанда 416 теңге болып тіркелді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының индексі апта сайын есептеледі. Мониторинг барлық облыс орталығында, республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада жүргізіледі.
Қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне 31 түрлі өнім кіреді. Тізім Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы бұйрығымен бекітілген.