Қазақстанда CDIO халықаралық кездесуі алғаш рет өтіп жатыр
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде CDIO дүниежүзілік бастамасының Азиялық өңірлік кездесуі – CDIO Asian Regional Meeting 2026 өтіп жатыр. Мұндай халықаралық жиын Қазақстан мен Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Іс-шараға 15 елден жоғары оқу орындары мен сарапшылық қауымдастықтардың 50-ден астам өкілі қатысуда. Олардың арасында Сингапур, Швеция, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Үндістан, Малайзия, Вьетнам, Өзбекстан және Әзербайжан мамандары бар.
Биылғы кездесудің негізгі тақырыбы – «Жаңа буын инженериясы: академиялық орта, индустрия және жасанды интеллектінің жаңа үштағаны».
Қатысушылар инженерлік білім беру бағдарламаларын жаңарту, жобалық және тәжірибеге бағытталған оқытуды дамыту, жоғары оқу орындары мен өнеркәсіп арасындағы байланысты күшейту мәселелерін талқылауда. Сондай-ақ болашақ инженерлерді даярлауда жасанды интеллектіні тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану жолдары қарастырылып жатыр.
CDIO тәсілі инженерлерді идеяны қалыптастырудан бастап өнімді жобалау, іске асыру және пайдалануға дейінгі толық цикл бойынша даярлауды көздейді. Бұл модель теориялық білімді практикалық дағдылармен, командалық және жобалық жұмыспен ұштастыруға мүмкіндік береді.
CDIO дүниежүзілік бастамасының бірлескен директоры, Турку қолданбалы ғылымдар университетінің проректоры Юха Контио инженерлік білім берудің заманауи бағыттары туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі негізгі міндеттердің бірі – жасанды интеллектіні инженерлерді даярлау үдерісіне тиімді әрі жауапкершілікпен енгізу.
Кездесу бағдарламасында пленарлық отырыстар, сараптамалық сессиялар, дөңгелек үстелдер мен практикалық семинарлар қарастырылған. Мамандар инженерлік білім берудің ұлттық моделін жетілдіру және индустриялық серіктестермен бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу тәжірибесімен бөлісуде.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті – Қазақстандағы CDIO дүниежүзілік бастамасының толыққанды мүшесі мәртебесіне ие жалғыз жоғары оқу орны. Ұйымдастырушылардың пікірінше, халықаралық кездесудің Қазақстанда өтуі отандық жоғары оқу орындарының әлемдік инженерлік білім беру қауымдастығымен байланысын кеңейтуге мүмкіндік береді.