BASPASOZТолық нұсқа
Экономика

Қазақстанда дәстүрлі және исламдық қызмет көрсететін алғашқы банк ашылды

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Қазақстанда алғаш рет бір мезгілде дәстүрлі және исламдық қаржыландыру қызметтерін ұсынатын банк жұмыс істеуге рұқсат алды. Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan) әмбебап банк лицензиясына ие болды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Агенттік «Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)» АҚ-қа банк қызметін жүргізуге және исламдық қаржы операцияларын жүзеге асыруға арналған лицензиялар берді. Құжаттарды агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстан қаржыгерлері конгресінде өткен салтанатты рәсімде табыстады. Осылайша, Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan) елімізде «исламдық терезе» жүйесін қолдануға мүмкіндік алған алғашқы банк атанды. Бұл жүйе бір қаржы ұйымының ішінде дәстүрлі банк қызметімен қатар исламдық қаржыландыру өнімдерін де ұсынуға жол ашады.

Мұндай мүмкіндік 2026 жылғы 16 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа заңда қарастырылған. Енді клиенттер исламдық қаржыландыру қызметін пайдалану үшін бөлек ислам банкіне жүгінуге міндетті емес. Әмбебап банк дәстүрлі қаржы өнімдерімен бірге исламдық қаржыландыру қағидаттарына сай келетін қызметтерді де ұсына алады.

Бұл жаңашылдық жеке азаматтар мен кәсіпкерлердің қаржы қызметтерін таңдау мүмкіндігін кеңейтіп, Қазақстанда исламдық қаржыландыру нарығының дамуына жол ашпақ. Абу-Даби банкінің Қазақстанға келуі Мемлекет басшысының елдегі банк секторына шетелдік қаржы ұйымдарын тарту және бәсекелестікті күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр.

Abu Dhabi Commercial Bank қандай банк?

Abu Dhabi Commercial Bank (ADCB) – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі актив көлемі бойынша үшінші орында тұрған ірі қаржы ұйымы.

2026 жылғы 30 қыркүйектегі мәліметке сәйкес, банк тобының активтері 242,3 миллиард АҚШ долларына жеткен. Меншікті капиталы 24,8 миллиард долларды құраса, жылдың алғашқы тоғыз айындағы таза пайдасы 2,8 миллиард доллар болған. Банк халықаралық S&P Global Ratings және Fitch Ratings агенттіктерінен «А+» деңгейіндегі ұзақ мерзімді кредиттік рейтинг алған. Екі агенттік те оның қаржылық жағдайына қатысты болжамын «Тұрақты» деп бағалаған.

ADCB акцияларының бақылау пакеті, яғни 60,77 пайызы Абу-Даби үкіметіне тиесілі. Бұл үлесті мемлекет Mubadala Investment Company инвестициялық компаниясы арқылы иеленіп отыр.

Банк Қазақстанда қашан тіркелді?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биыл 20 наурызда Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan) банкін ашуға рұқсат берген болатын. Ал 20 сәуірде қаржы ұйымы мемлекеттік тіркеуден өтті. Енді тиісті лицензиялардың берілуімен Қазақстанда шетелдік капиталдың қатысуымен жаңа банк құру рәсімі толық аяқталды.

Агенттіктің мәліметінше, халықаралық қаржы ұйымының Қазақстан нарығына келуі банктер арасындағы бәсекені арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпал етуі тиіс.

Сонымен қатар жаңа банктің халықаралық тәжірибесі мен қаржылық мүмкіндіктері халық пен кәсіпкерлердің қаржы қызметтеріне қолжетімділігін кеңейтіп, ел экономикасына инвестиция тартуға қосымша мүмкіндік береді.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары