Қазақстанда доллар 450 теңгеден төмендеді

Қазақстанда доллар 450 теңгеден төмендеді
Canva

Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 447,80 теңгені құрады. Бұл алдыңғы көрсеткіштен 3,17 теңгеге төмен. Осылайша, америкалық валюта бағамы 2024 жылғы маусымнан бері алғаш рет 450 теңгеден төмен түсті, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық банктің 14 қыркүйекке белгілеген ресми бағамы – 1 доллар үшін 450,91 теңге.

Алматыдағы айырбастау пункттерінде:

долларды сатып алу – 446,65 теңге;

сату – 448,71 теңге.

Астанадағы айырбастау пункттерінде:

сатып алу – орта есеппен 446,01 теңге;

сату – 453,01 теңге.

Теңге неге нығайып жатыр?

Сарапшылардың пікірінше, теңгенің күшеюіне бірнеше фактор әсер етіп отыр. Соның бірі – мұнай бағасының жоғары болуы. Бұл Қазақстанның экспорттық кірістерін қолдайды. Сонымен қатар ірі экспорттаушы компаниялардың валюталық түсімін ішкі нарықта сатуы да теңгеге оң ықпал етеді. Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемесі де теңгені тартымды етіп отыр. Соның арқасында ұлттық валютадағы қаржы құралдары инвесторлар үшін қызығушылығын сақтауда.

Бұған қоса, әлемдік валюта нарығындағы жағдай мен АҚШ Федералдық резерв жүйесінің алдағы шешімдеріне қатысты болжамдар да доллар бағамына әсер етеді. Қазір Қазақстан ішіндегі долларға деген сұраныс салыстырмалы түрде төмен.

Дегенмен сарапшылар теңгенің қазіргі нығаюы ұзақ мерзімге созылмауы мүмкін екенін айтады. Алдағы уақытта валюта бағамына мұнай бағасы, сыртқы экономикалық жағдай, Ұлттық банктің шешімдері және валютаға деген сұраныс ықпал етуі мүмкін.