Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемі артады: Бектенов тапсырма берді
Қазақстанда электр энергиясын өндіру қуатын арттыру, жаңа электр стансаларын салу және өңірлерді тұрақты энергиямен қамтамасыз ету жұмыстары күшейтіледі. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте «Самұрық-Қазына» қорының энергетикалық жобалары мен елдің энергетикалық дербестігін нығайту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Үкімет басшысы алдағы жылдары экономиканың дамуы, жаңа өндіріс орындарының ашылуы және цифрлық инфрақұрылымның кеңеюі электр энергиясына сұранысты едәуір арттыратынын атап өтті. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялаған. Осыған байланысты энергетика саласындағы жобаларды уақытылы жүзеге асыру ерекше маңызға ие.
"Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретіндей деңгейге қол жеткізу міндеті үш бағыттың, атап айтқанда генерация қуаттарын арттыру мен электр желілерін дамыту және тұтыну көлемінің өсуін толық үйлестіруді талап етеді", – деді Олжас Бектенов.
Оңтүстік өңірлерде электр желілері күшейтіледі
Кеңесте KEGOC компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын таныстырды.
Соның бірі – Қазақстанның оңтүстігіндегі электр желілерін күшейту жобасы. Оның аясында Алматы – Жамбыл – Шымкент бағытындағы электр энергиясын өткізу мүмкіндігі 440 МВт-қа ұлғаяды. Жобаны 2027 жылдың шілдесінде аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде оңтүстік облыстарды электрмен қамтамасыз ету тұрақтылығы артып, жаңартылатын энергия көздерін ортақ жүйеге қосуға қосымша мүмкіндік туады.
Батыс Қазақстанның энергетикалық дербестігі артады
Батыс өңірдің электр жүйесін еліміздің Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне қосу жұмыстары да жалғасып жатыр. Бұл жоба электр энергиясын өткізу қуатын 500 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Атырау мен Ақтөбе облыстарындағы электр стансаларының әлеуетін тиімді пайдалануға және Ақтөбе энергия торабына түсетін жүктемені азайтуға жағдай жасайды.
Жобаның алғашқы кезеңін 2027 жылдың желтоқсанында аяқтау көзделген. Ал екінші кезеңі 2035 жылға жоспарланып отыр. Осы жұмыстар толық жүзеге асқанда еліміздің жоғары кернеулі электр желілерін өзара байланыстыру жүйесі қалыптасады.
Бұдан бөлек, Алматы және Жетісу облыстарындағы электр желілерін кеңейту жоспарлары қаралды. Бұл бастамалар гидроэнергетиканы дамытуға және жаңартылатын энергия өндіретін жаңа нысандарды іске қосуға бағытталған.
Қазақстанда жаңа жылу электр орталықтары салынады
Кеңес барысында «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарма төрағасы Аңсар Айдаров энергетика саласындағы ірі құрылыс және жаңғырту жобалары туралы есеп берді. Атап айтқанда, Алматыдағы ЖЭО-2 нысанын жаңғырту, ЖЭО-3 стансасын қайта құру, Көкшетау мен Семейде жаңа жылу электр орталықтарын салу жұмыстары талқыланды.
Сондай-ақ Екібастұз ГРЭС-2 стансасын кеңейту, Қызылорда мен Түркістан облыстарында бу-газ қондырғыларын салу жобалары қаралды. Бұған қоса, энергия жинақтау жүйелерімен жабдықталған жаңартылатын энергия нысандарын іске қосу және су электр стансаларын дамыту мәселелеріне назар аударылды.
Премьер-министр жаңа энергетикалық нысандардың құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі қатаң бақылауда болуы керектігін ескертті.
Бектенов энергетикалық жобаларды жеделдетуді тапсырды
Кеңес соңында Үкімет басшысы электр желілерін дамыту жұмыстары энергия тұтыну көлемінің өсуінен қалыс қалмауы тиіс екенін айтты. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, 2027 жылдың қыркүйегіне дейін еліміздің энергетикалық теңгерімін жаңарту тапсырылды.
Сондай-ақ электр энергетикасы саласындағы инвестициялық жобалардың орындалу мерзімін бақылауды күшейту және жоспарланған нысандардың уақытылы іске қосылуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Аталған шаралар Қазақстанның электр энергиясына деген қажеттілігін тұрақты қамтамасыз етуге, өңірлер арасындағы энергетикалық байланысты нығайтуға және елдің сыртқы энергия көздеріне тәуелділігін азайтуға бағытталған.