Қазақстанда газдандыру деңгейі 80%-ға жеткізілмек

Қазақстанда газдандыру деңгейі 80%-ға жеткізілмек
ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда халықты газбен қамту деңгейін 80%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жету үшін Энергетика министрлігі магистральдық газ құбырларын, өңірлік желілерді және газдың ресурстық базасын қатар дамытуды көздейді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жоспар аясындағы негізгі жобалардың бірі – «Ишим – Астана» газ құбыры. Ол солтүстік өңірлерді газдандыру үшін стратегиялық маңызға ие. Жоба жүзеге асса, Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын тұрақты газбен қамтамасыз ету мүмкіндігі артады.

Сонымен бірге «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жоспарланған. Бұл газ тасымалдау жүйесінің өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, елдің оңтүстік және орталық аймақтарындағы өсіп келе жатқан сұранысты өтеуге бағытталған.

Тағы бір маңызды жоба – КС-14 – Қостанай магистральдық газ құбыры. Оның аясында Ақтөбе облысындағы КС-14 компрессорлық станциясынан Қостанайға дейін құбыр тартылып, станция аумағында жаңа компрессорлық цех салу қарастырылған. Нәтижесінде Қостанай облысын газбен қамту тұрақтылығы артып, солтүстік өңірлерді одан әрі газдандыруға мүмкіндік туады.

Ал ұзындығы шамамен 302 шақырым болатын «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры 2025 жылы пайдалануға берілген. Жоба Жетісу облысындағы елді мекендерді газбен қамтып, газдандыру ауқымын 84 елді мекенге дейін кеңейтуге мүмкіндік берді.

Бұдан бөлек, Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды және басқа облыстарда газ жеткізу және тарату желілерінің құрылысы жалғасады.

Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес, бұл жобалар газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін арттырып, өңірлерді газбен тұрақты қамтамасыз етуге және олардың бір ғана бағытқа немесе газ көзіне тәуелділігін азайтуға тиіс.

Магистральдық және өңірлік инфрақұрылымды кешенді дамыту Қазақстандағы газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізудің негізгі тетіктерінің бірі болмақ.