BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Қазақстанда капитал нарығын дамытуға арналған жаңа заң әзірленіп жатыр

Дана Зарылханқызы
https://t.me/quryltairesmi
Бөлісу Telegram

Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінде кәсіпкерлерді ұзақ мерзімді қаржыландыру және отандық капитал нарығының мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды. Жиында Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру жолдары қаралды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

«Бизнес үшін ұзақ мерзімді қаржыландырудың қолжетімділігі: Қазақстанның капитал нарығындағы мүмкіндіктердің практикалық аудиті» тақырыбында өткен отырысқа Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаева, мемлекеттік органдардың басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.

Дания Еспаева Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың жаңа жүйесіне көшу міндеті қойылғанын атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат қаржы көлемін көбейтумен шектелмей, қаражатты нақты инвестициялық жобаларға, өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағыттау болуға тиіс.

Бұл ретте капитал нарығы экономиканы қаржыландырудың маңызды құралдарының біріне айналуы қажет.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова бағалы қағаздар саласындағы заңнаманы жаңарту жұмыстары туралы баяндады. Оның мәліметінше, әзірленіп жатқан «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заң жобасында бағалы қағаздармен жұмыс істеу, туынды қаржы құралдары мен цифрлық қаржы активтерін реттеудің ортақ талаптары айқындалған. Жаңа құжатты биыл желтоқсан айында Құрылтай қарауына ұсыну көзделіп отыр.

Сонымен қатар агенттік капитал нарығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасын дайындаған. Онда институционалдық инвесторлардың санын арттыру, бағалы қағаздардың қайталама нарығындағы сауданы жандандыру және қаржылық тәуекелдерді ескеретін қадағалау жүйесін қалыптастыру қарастырылған.

Отырыс барысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Қанат Шарлапаев пен Қазақстан қор биржасы (KASE) басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Ысқақова өз ұсыныстарын жеткізді. Олар кәсіпкерлер мен жеке инвесторлардың қаржы нарығына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ шетелдік инвесторлар үшін ашық әрі түсінікті реттеу тетіктерін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.

Құрылтай депутаттары да қаржы секторын дамытуға қатысты пікірлерін білдіріп, нарықтағы өзекті мәселелерді талқылады.

Жиын қорытындысында Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина «Капитал нарығы туралы» заң жобасын белгіленген мерзімде Құрылтайға енгізу қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, капитал нарығының дамуын жеделдетуге бағытталған қосымша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары