Қазақстанда қаржы нарығына қатысты екі заң жаңартылады

Қазақстанда қаржы нарығына қатысты екі заң жаңартылады
primeminister.kz

Қазақстанда жыл соңына дейін бағалы қағаздар нарығы мен сақтандыру саласына қатысты екі заңның жаңа редакциясын әзірлеу жоспарланып отыр. Негізгі өзгерістердің бірі – қаржы секторындағы процестерді цифрлық форматқа көшіру. Бұл туралы Қазақстан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Central Asia FinTech Summit саммитінде мәлімдеді, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, Агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп, бағалы қағаздар нарығы мен сақтандыру саласын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасын әзірлеп жатыр. Бағдарлама аясындағы шаралардың басым бөлігін алдағы бір-екі жылда жүзеге асыру көзделген.

«Бағдарламаның негізгі бағыты – секторды цифрландыру. Оның аясындағы барлық шешім әуел бастан цифрлық форматта жүзеге асырылуы керек», – деді Мәдина Әбілқасымова.

Бағалы қағаздар нарығында қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық терезе құру жоспарланып отыр. Ал сақтандыру саласында шарттарды онлайн рәсімдеу және сақтандыру төлемдерін цифрлық түрде жүзеге асыру тетіктері одан әрі дамытылады.

Агенттік басшысының сөзінше, бағдарламаны жедел іске асыру қажеттілігі жаңа заңдарды әзірлеумен де байланысты. «Жыл соңына дейін бағалы қағаздар нарығы туралы және сақтандыру туралы заңдардың жаңа редакциялары әзірленеді. Құжаттарда цифрландыру мәселелері ескеріліп, тиісті процестер де цифрлық форматқа көшіріледі», – деді ол.

Бағдарлама 2030 жылға дейін есептелген және Ұлттық банкпен бірлесіп жүзеге асырылады.

Бұған дейін, 2026 жылғы ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сақтандыру және қор нарықтарын дамыту қажеттігін айтқан болатын. Мемлекет басшысы тиісті мемлекеттік органдарға осы салаларды 2030 жылға дейін дамыту бағдарламаларын 1 қыркүйекке дейін әзірлеуді тапсырған.