Қазақстанда кәсіпкерлерді қолдаудың бірыңғай фронт-офистері ашылды
Қазақстанда «Бәйтерек» холдингінің Кәсіпкерлерді қолдау бірыңғай фронт-офистері жұмысын бастады. Олар «Даму» қорының өңірлік филиалдары базасында ашылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жаңа форматтың іске қосылуына Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысып, кәсіпкерлерге ұсынылатын қызметтермен танысты.
Фронт-офистер «Бәйтерек» тобына кіретін ұйымдардың бизнесті қолдау тетіктерін «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіреді. Кәсіпкерлер мұнда кеңес алып, өз жобасына сәйкес келетін қолдау құралын таңдай алады. Мамандар өтінім беруден бастап, жобаны қаржыландыру мәселесі қаралғанға дейін сүйемелдейді.
Бірыңғай фронт-офистер еліміздің барлық өңіріндегі «Даму» қорының филиалдарында қызмет көрсетеді.
Шалғай аудандар мен ауылдардағы кәсіпкерлер үшін мобильді кеңселер де қарастырылған. Арнайы автобустармен баратын мамандар жергілікті жерде кеңес беріп, қолдау шаралары туралы ақпарат ұсынады. Соның арқасында кәсіпкерлер кейбір даму институттарының қызметін пайдалану үшін облыс орталығына арнайы бармай-ақ, қажетті кеңес ала алады.