Қазақстанда кімдер ақылы жолмен тегін жүре алады?
Қазақстандағы ақылы автожолдардың жалпы ұзындығы 6,2 мың шақырымнан асты. Алайда мұндай жолдармен жүрген жүргізушілердің барлығы бірдей ақы төлеуге міндетті емес. Заңда кейбір көлік түрлері мен азаматтар үшін жеңілдіктер қарастырылған, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ақылы жолдарды пайдалану тәртібі көлік түріне, жолдың техникалық санатына және жүргізушінің тұрғылықты жеріне байланысты. Сонымен қатар кейбір қызметтік көліктер жол ақысынан толық босатылған.
Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға жеңілдік бар ма?
Жүргізушілер арасында зейнеткерлер, мүгедектігі бар азаматтар немесе соғыс ардагерлері ақылы жолдарды тегін пайдалана алады деген түсінік кездеседі. Алайда заңда мұндай жеңілдіктер барлық санатқа бірдей берілмеген.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы бұл мәселеге түсініктеме берді.
"Зейнеткерлерге, Ауған соғысының ардагерлеріне, Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысқандарға және мүгедектігі бар адамдарға ақылы жолдарды пайдаланғаны үшін жеке жеңілдіктер қарастырылмаған. Жол ақысынан тек Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жеңіл автокөліктері және заңның 5-2-бабында көрсетілген көлік құралдары босатылады", – деп түсіндірді компания өкілдері.
Мұнда ескеретін маңызды талап бар. Автокөлік міндетті түрде Ұлы Отан соғысы ардагерінің өз атына тіркелуі керек. Егер көлік туысының атында болса, ардагер жолаушы ретінде бірге жүрген күннің өзінде жол ақысы жалпы тәртіппен есептеледі.
Ақылы жолмен кімдер тегін жүре алады?
Қазақстанның "Автомобиль жолдары туралы" заңының 5-2-бабына сәйкес, белгілі бір көлік түрлері жол ақысын төлеуден босатылады.
Олардың қатарында:
- Жедел қызмет көліктері. Қызметтік міндетін орындап жүрген жедел жәрдем, полиция, құтқару қызметі, құқық қорғау органдары, көліктік бақылау органдары, арнайы мемлекеттік органдар, Қарулы күштер мен әскери құрылымдардың көліктері, сондай-ақ жануарлар дүниесін қорғау қызметінің арнайы техникасы.
- Жол жөндеу техникасы. Ақылы жолды күтіп ұстау, тазалау және жөндеу жұмыстарына тікелей қатысатын арнайы көліктер.
- Қала маңындағы автобустар. Ақылы жол бойындағы елді мекендерді аудан, облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен және Астанамен байланыстыратын тұрақты бағыттағы автобустар.
- Ауыл шаруашылығы техникасы. Комбайндар, тракторлар және өздігінен жүретін өзге де техникалар белгілі бір технологиялық өткелдерден өткен кезде.
- Жол бойындағы елді мекен тұрғындары. Ақылы жолға іргелес аудандарда тіркелген азаматтардың жеңіл көліктері мен автобустары өз ауданының аумағында жүрген жағдайда.
Ал көрші ауданға немесе басқа өңірге қатынайтын жергілікті тұрғындарға айлық немесе жылдық жеңілдетілген абонемент қарастырылған. Дегенмен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған немесе жаңғыртылған жолдарда кейбір жеңілдіктер қолданылмауы мүмкін. Мұндай учаскелерде төлем тәртібі арнайы келісімдер арқылы реттеледі.
Кейбір ақылы жолдарда жеңіл көліктерден ақша алынбайды
Қазақстандағы ақылы жолдардың барлығында бірдей жеңіл автокөлік жүргізушілері ақы төлемейді.
Қазір елімізде 28 ақылы жол учаскесі бар. Оның 13-і бірінші техникалық санатқа жатады. Бұл жолдардың жалпы ұзындығы 2 898 шақырымды құрайды. Қалған 15 учаске екінші және үшінші техникалық санатқа кіреді. Олардың ұзындығы – 3 392 шақырым.
Мәселен, 2026 жылдың шілдесінде ақылы жүйеге қосылған Талдықорған – Өскемен тасжолының ұзындығы 773 шақырым.
"Екінші техникалық санаттағы жол учаскелерінде жеңіл автокөліктерден ақы алынбайды. Көлік тізгінінде кім отырғанына қарамастан, мұндай жолдарда тек автобустар мен жүк көліктері төлем жасайды", – деді "ҚазАвтоЖол" өкілдері.
Яғни жүргізушінің әлеуметтік мәртебесінен бөлек, жолдың техникалық санаты да төлемге әсер етеді.
Жеңілдікті қалай рәсімдеуге болады?
Ақылы жолдардағы жеңілдікті пайдалану үшін көлікке арнайы белгі жапсырудың немесе қосымша құрылғы орнатудың қажеті жоқ. Жол бойындағы автоматтандырылған жүйе автокөліктің мемлекеттік нөмірін тіркеп, төлемді есептейді.
Алайда жеңілдіктің жүйеде тіркелгеніне алдын ала көз жеткізу маңызды.
Ол үшін "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясына ресми өтініш беріп, жеңілдікке жататын көліктердің мемлекеттік нөмірлерін көрсету қажет. Ал жолаушылар тасымалымен айналысатын ұйымдар бағытты растайтын құжаттардың көшірмесін ұсынады. Жол бойындағы елді мекен тұрғындарының тіркеу деректері Ішкі істер министрлігінің ақпараттық базалары арқылы автоматты түрде тексеріледі.
Егер көліктің мемлекеттік нөмірі жеңілдік берілетін көліктер тізіміне енгізілмесе, жүйе жол ақысын әдеттегі тарифпен есептейді. Кейін жеңілдікті рәсімдеп, бұрын есептелген берешекті кері қайтару мүмкіндігі қарастырылмаған.
Ақылы жолмен жүру қанша тұрады?
Қазақстанда жеңіл автокөліктер үшін ақылы жолдың орташа тарифі алдын ала төлем жасағанда 100 шақырымға 207 теңгені құрайды.
Ал жолдан өткеннен кейін төленсе, осы қашықтық үшін 235 теңге есептеледі.
"ҚазАвтоЖол" мәліметінше, бұл Қытай, Түркия, Ресей және Еуропаның бірқатар елдеріндегі тарифтерден 15-40 есе төмен. Дегенмен нақты төлем мөлшері жол учаскесіне, көлік түріне және төлеу тәсіліне байланысты өзгереді.
Жолда шұңқыр болса, ақы төлеу керек пе?
Ақылы жолдың сапасына қатысты да арнайы талаптар бар.
Егер жол жабынында ақау пайда болып, арнайы комиссия оны тіркесе, бүлінген шақырымдар ақылы қашықтықтан уақытша алынып тасталады.
Мұндай жағдайда төлем автоматты түрде қайта есептеледі. Жүргізушілердің жеке өтініш беруі талап етілмейді. Ал жолдағы шұңқырлар мен басқа да ақаулар туралы 1403 байланыс нөміріне хабарлауға болады.
Ақылы жолдардан түскен қаражат қайда жұмсалады?
2025 жылы Қазақстандағы ақылы автожолдардан 87 миллиард теңге түскен. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен едәуір жоғары. Ол кезде түсім 48 миллиард теңгені құраған.
Ал 2026 жылдың қорытындысы бойынша жиналатын қаражат 100 миллиард теңгеден асады деп болжанып отыр.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша, түскен қаражат толығымен жолдарды күтіп ұстауға бағытталған. Оның шамамен 30 пайызы жолдардың күнделікті күтіміне, 10 пайызы фото және бейнебақылау жүйелерінің жұмысына жұмсалады.
Сондай-ақ осы қаржы есебінен 1 456 арнайы техника мен жабдық сатып алынған. Бұдан бөлек, 354 мың шаршы метр жол жабынына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, қысқы маусымға 340 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал дайындалған.
Қазақстанда қандай жолдар ақылы?
Еліміздегі алғашқы ақылы жол 2013 жылы Астана – Щучинск бағытында іске қосылды.
2019 жылы Астана – Теміртау, Алматы – Қорғас және Алматы – Қонаев бағыттары ақылы жүйеге өтті.
2021 жылы бұл тізімге Астана – Павлодар, Тараз – Қайнар, Шымкент – Қызылорда, Шымкент – Тараз, Шымкент – Өзбекстан шекарасы, Қонаев – Талдықорған және Щучинск – Көкшетау жолдары қосылды.
2023 жылы Павлодар – Қалбатау, Бейнеу – Ақжігіт, Орал – Самара, Павлодар – Омбы, Көкшетау – Петропавл және Орал – Саратов бағыттарында ақы алу жүйесі енгізілді.
2025 жылы Қызылорда – Арал, Қостанай – Ресей шекарасы (Троицк), Ақтөбе – Ресей шекарасы (Орынбор), Қостанай – Денисовка, Тараз қаласының айналма жолы, Балқаш – Бурылбайтал, Шу – Бурылбайтал, Қандыағаш – Мақат және Үшарал – Достық бағыттары ақылы жолдар қатарына енді.
Ал 2026 жылдың 10 шілдесінен бастап Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал және Бурылбайтал – Күрті бағыттарында төлем жүйесі іске қосылды.
11 шілдеден бастап Талдықорған – Өскемен тасжолы да ақылы жолдар тізіміне қосылды. Алайда оның екінші техникалық санаттағы учаскелерінде жеңіл автокөліктерден ақы алынбайды.
Осылайша, Қазақстанда ақылы жолды пайдаланғаны үшін төлем жасау міндеті барлық көлікке бірдей қолданылмайды. Сондықтан сапарға шығар алдында жолдың санатын, қолданыстағы тарифті және жеңілдік алу мүмкіндігін нақтылап алған жөн.