Қазақстанда кімдер ЖК ашпай-ақ заңды жұмыс істей алады

Қазақстанда кімдер ЖК ашпай-ақ заңды жұмыс істей алады
ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда 2026 жылдан бастап азаматтарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ заңды түрде табыс табуға мүмкіндік беретін арнайы салық тәртібі қолданылады, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл тәртіпті жалдамалы жұмысшы ұстамай, қызметін өз бетінше атқаратын және рұқсат етілген қызмет түрлерімен айналысатын азаматтар пайдалана алады. Сонымен қатар олардың бір айдағы табысы 300 АЕК-тен, яғни 2026 жылы шамамен 1,2 млн теңгеден аспауға тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесі – 0%. Алайда табыстың 4%-ы әлеуметтік төлемдерге бағытталады. Оның құрамына зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары кіреді.

Бұл салық тәртібін қолданатын азаматтарға декларация тапсырудың қажеті жоқ.

Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, жаңа тәртіп такси жүргізушілері, үйге барып қызмет көрсететін шеберлер және өз бетінше еңбек ететін басқа да азаматтар үшін қолайлы.

Сарапшының сөзінше, мұндай азаматтар жеке кәсіпкерлік ашып, күрделі есеп жүргізбей-ақ заңды түрде жұмыс істей алады. Төлемдер мен табысты есепке алу мобильді қосымша арқылы жүргізіледі. Бұл тетік азаматтардың қызметін заңдастыруға және көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға бағытталған.

Дегенмен бұл мүмкіндік барлық қызмет түріне бірдей берілмейді. Сондай-ақ айлық табыс белгіленген шектен асып кеткен жағдайда азамат басқа салық тәртібіне ауысуы қажет.

Айта кетейік, 2026 жылдан бастап Қазақстанда бұрынғы жеті арнайы салық тәртібінің орнына үшеуі қолданылады. Олар – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған тәртіп, оңайлатылған декларация негізіндегі тәртіп және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнайы салық тәртібі.