Қазақстанда мәйітті ашпай зерттеуге мүмкіндік беретін технология енгізіледі

Қазақстанда мәйітті ашпай зерттеуге мүмкіндік беретін технология енгізіледі
ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда жыл соңына дейін сот сараптамасына виртуалды аутопсия әдісі енгізіледі. Жаңа технология мәйітті хирургиялық жолмен ашпай, компьютерлік томография арқылы зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов берген сұхбатында айтты, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Оның сөзінше, виртуалды аутопсия жобасын іске қосу жұмыстары аяқталуға жақын. Әдіс әсіресе қылмыстық сипатқа жатпайтын жағдайда қайтыс болған адамдардың мәйітін зерттеу кезінде қолданылмақ.

«Мәйітті хирургиялық жолмен ашпай, заманауи технология көмегімен зерттеу көзделіп отыр. Егер адам қылмыстық емес жағдайда қайтыс болса, мәйіт компьютерлік томографиядан өткізіледі», – деді Бақытжан Байтілесов.

Қазіргі уақытта жобаны толық іске қосу үшін қажетті медициналық құрал-жабдықтар жеткізіліп жатыр. Сонымен қатар виртуалды аутопсияға қатысты әдістемелер бекітіліп, мамандар арнайы оқудан өткен.

Орталық басшысының айтуынша, жабдықтар орнатылып, іске қосылғаннан кейін жаңа технология бойынша зерттеу жұмыстары басталады.