Қазақстанда қазан айының екінші жексенбісінде Мүгедектігі бар адамдар күні атап өтіледі. Елімізде 756 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тіркелген, оның 120 мыңы – балалар, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мемлекет мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, жұмыспен қамту және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыру бағытында бірқатар шараны жүзеге асырып жатыр.
Бұл жұмыстар Қазақстанның 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында жүргізілуде. Құжатта білім алу, еңбек ету, медициналық және әлеуметтік қызметтерді пайдалану үшін тең мүмкіндік қалыптастыру көзделген.
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мүгедектікті белгілеудің қашықтан жүргізілетін рәсімі арқылы 83,4 мыңнан астам өтінім қаралған. Бұл азаматтарға медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне бармай-ақ қажетті қызметтерді алуға мүмкіндік береді.
Елімізде оңалту орталықтарының саны да артып келеді. 2023–2026 жылдары Семей, Тараз, Кентау, Орал, Атырау және Астана қалаларында алты жаңа орталық ашылды. Алдағы уақытта тағы 12 өңірде осындай мекемелерді іске қосу жоспарланған.
Балаларды қолдау шаралары да жалғасуда. "Қамқорлық" бастамасы аясында 10 қалада аутизм спектрінің бұзылыстары және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған күндізгі орталықтар жұмыс істейді. Қазір оларда кемінде 1 131 бала қызмет алып жатыр. Сонымен қатар 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында мүгедектігі бар 29,5 мың адам мансап орталықтарына жүгінген. Олардың 10,5 мыңы жұмысқа орналасып, 5 022 азамат тұрақты жұмыс тапқан.
Кәсіпкерлікті дамытуға да көңіл бөлінуде. "Бастау Бизнес" жобасы арқылы 3 629 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерсе, Skills Enbek платформасында 2 951 азамат онлайн білім алған.
Бұдан бөлек, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау жалғасуда. Қазан айының басындағы мәлімет бойынша 621 ұйым лицензия алған. Оның 455-і мемлекеттік мекеме, 166-сы үкіметтік емес ұйым.
Министрлік мүгедектігі бар азаматтардың білім алуына, жұмыс істеуіне, кәсіп ашуына және қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.