Қазақстанда пәтерді сақтандыру бағасы 6 мыңнан 140 мың теңгеге дейін жетеді
Қазақстанда баспананы сақтандыру құны қалаға, пәтердің көлеміне және қамтылатын тәуекелдерге қарай өзгереді. Бір бөлмелі пәтер үшін полис бағасы 6 мың теңгеден басталса, үш бөлмелі баспанаға сақтандыру құны 140 мың теңгеге дейін жетеді, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жүргізілген салыстыруға Қазақстанның 20 қаласындағы бір және үш бөлмелі пәтерлерді сақтандыру бағасы енгізілген. Нәтижесінде өңірлер арасында баға айырмашылығы бірнеше есеге жететіні анықталған.
Бір бөлмелі пәтер
Бір бөлмелі пәтерді сақтандырудың ең төменгі бағасы Көкшетау мен Таразда тіркелген. Бұл қалаларда полис құны 6 мың теңгеден басталады. Ақтауда баға 8 мың теңгеден, Қарағандыда 10 мың теңгеден жоғары. Ал ең қымбат ұсыныстар Шымкентте кездеседі. Мұнда сақтандыру құны 70 мың теңгеге дейін барады. Алматыда полис бағасы 30-55 мың теңге аралығында болса, Талдықорғанда 52 мың теңгеге дейін жетеді.
Астанада бір бөлмелі пәтерді сақтандыру шамамен 21-41 мың теңге тұрады.
Үш бөлмелі пәтер
Үш бөлмелі пәтерлер бойынша баға айырмашылығы одан да жоғары.
Ең төменгі баға Таразда – 17 мың теңгеден басталады. Көкшетау мен Павлодарда полис құны 19-20 мың теңге шамасында. Қарағанды мен Жезқазғанда сақтандыру 20 мың теңгеден басталады.
Ең жоғары баға Шымкентте тіркелген. Мұнда үш бөлмелі пәтерді сақтандыру 140 мың теңгеге дейін жетеді. Қызылордада жоғарғы шек 85 мың теңге болса, Таразда 81 мың теңге. Қарағанды, Жезқазған және Қонаев қалаларында бұл көрсеткіш 80 мың теңгеге дейін барады.
Астанада үш бөлмелі пәтерді сақтандыру құны шамамен 40-75 мың теңге, Алматыда 50-96 мың теңге аралығында.
Бағаға не әсер етеді?
Сақтандыру құны пәтердегі бөлме санына ғана байланысты емес. Полистің бағасын баспананың ауданы мен нарықтық құны, ғимараттың салынған жылы мен жағдайы, орналасқан жері, сақтандыруға енгізілген тәуекелдер және өтемақының көлемі анықтайды. Сонымен қатар әр компанияның тарифтері мен келісім шарттары әртүрлі болуы мүмкін.
Сақтандыру полисіне өрт, су басу, жер сілкінісі, жарылыс, найзағай түсуі және үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттері сияқты тәуекелдер енгізілуі мүмкін. Нақты жағдайлар келісімшартқа байланысты белгіленеді.
Қазір Қазақстанда тұрғын үйдің шамамен 3,2%-ы ғана сақтандырылған. Осыған байланысты Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2030 жылға дейінгі сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасы аясында тұрғын үйді міндетті сақтандыру тетігін енгізуді жоспарлап отыр. Жоспар бойынша табиғи апаттардан болатын залалды өтеуге арналған сақтандыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуі мүмкін. Бұл мәселе әсіресе 2024 жылғы су тасқынынан кейін өзекті бола түсті. Сол кезде мемлекет зардап шеккен азаматтарға үй жөндеу, салу және баспана сатып алу үшін қомақты қаражат бөлді.
Мамандардың пікірінше, ерікті сақтандырудың қазақстандықтар арасында кең таралмауына оның қосымша шығын саналуы, сақтандыру шарттары туралы ақпараттың жеткіліксіздігі және азаматтардың тәуекелді төмен бағалауы әсер етеді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, тұрғын үй сақтандырылған болса, зақым келген мүлікке өтемақыны сақтандыру компаниясы төлейді. Сонымен қатар әзірленіп жатқан заң жобасында баспананы жер сілкінісі, орман өрті, су тасқыны және су басу сияқты табиғи апаттардан міндетті түрде сақтандыру мәселесі қарастырылып жатыр.
Осылайша, әзірге Қазақстанда тұрғын үйді сақтандыру ерікті түрде жүргізіледі. Оның құны әр баспананың ерекшелігі мен таңдалған сақтандыру шарттарына қарай белгіленеді. Алайда заңнамаға жоспарланған өзгерістер енгізілсе, табиғи апаттардан баспананы қорғау алдағы жылдары үй иелерінің міндетті шығындарының біріне айналуы мүмкін.