Қазақстанда риелторлық қызметті реттеу күшейтілмек

Қазақстанда риелторлық қызметті реттеу күшейтілмек
https://t.me/saudagovkz

ҚР Сауда және интеграция министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында риелторлық қызметті реттеу, тұтынушылар құқығын қорғау, адал бәсекелестікті қамтамасыз ету және ішкі нарықтағы бақылауды күшейту мәселелері қаралды. Жиынға Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қатысты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Отырыста риелторлық қызмет көрсету нарығына ерекше назар аударылды. Қоғамдық кеңес мүшесі Марлен Смаилов бұл саланы реттеу тетіктері ашық әрі түсінікті болуы керектігін айтып, риелторлардың жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтті. Қазір салада риелторлардың бірыңғай мемлекеттік тізілімі мен міндетті аккредиттеу жүйесі жоқ. Сондай-ақ қызмет көрсетуге ортақ талаптардың болмауы, бағаның ашық қалыптаспауына және тұтынушылар шағымдарын қарау тетіктерінің жеткілікті реттелмеуіне қатысты мәселелер бар.

Министрліктің мәліметінше, риелторлық қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстары депутаттардың бастамасымен жүргізіліп жатыр. Риелторлық қызмет көрсету тәртібі, лицензиялау және мемлекеттік бақылауға қатысты заңнамалық бастамалар бойынша Үкіметтің үш оң қорытындысы алынған.

Үкімет бұл саланы реттеу үшін жеке заң қабылдаудың қажеттілігі жоқ деген ұстаным білдірген. Дегенмен риелторлық қызметті құқықтық реттеуді жетілдіру және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту қажеттігі атап өтілді. Қазір тиісті заң жобасы Қазақстан Республикасының Құрылтайында қаралып жатыр. Сонымен бірге салаға арналған кәсіби стандарт әзірленуде.

PANA қауымдастығының төрағасы Асет Айтбай риелторлық нарықты реттеу мәселесін кәсіби қауымдастық екі жыл бұрын көтергенін айтты. Оның сөзінше, негізгі проблемалардың бірі – кәсіби талаптарға сай келмейтін делдалдардың көптігі және алаяқтық жағдайлары.

Министр Арман Шаққалиев ұсынылған өзгерістер Қоғамдық кеңес мүшелерімен қосымша талқыланатынын және Құрылтай жанындағы жұмыс тобы аясында пысықталатынын жеткізді.

Жиында отандық ет өңдеу саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі де көтерілді. Кеңес мүшелері импорттық шұжық өнімдерінің сапасын бақылауды күшейтіп, сауда орындарындағы өнімдерді тұрақты түрде зертханалық тексеруден өткізуді ұсынды.

Бұдан бөлек, тауарлардың шығу тегі мен нарықтағы қозғалысының ашықтығы талқыланды. Арман Шаққалиевтің айтуынша, қазір тауардың қайдан келіп, қайда бағытталғанын бақылауға мүмкіндік беретін Ұлттық тауарлар каталогын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жүйе тауар айналымының ашықтығын арттыруға және экономиканы көлеңкеден шығаруға бағытталған.

Отырыс соңында Қоғамдық кеңес Ғалым Құсайыновтың өз еркімен құрамнан шығу туралы өтінішін қолдады. Оның орнына Кеңес құрамына Дана Қасымова кірді.