Қазақстанда санитариялық авиация жылына 2 мыңға жуық рейс орындайды

Қазақстанда санитариялық авиация жылына 2 мыңға жуық рейс орындайды
Gov.kz

Қазақстанда санитариялық авиация жыл сайын 2 мыңға дейін ұшу орындайды. Арнайы әуе көлігі ауыр жағдайдағы науқастарды шалғай елді мекендерден мамандандырылған медициналық орталықтарға жеткізуге, сондай-ақ шетелде зардап шеккен қазақстандықтарды елге әкелуге пайдаланылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Медициналық авиацияның қызметі науқасты тасымалдаумен ғана шектелмейді. Ұшу кезінде пациентке қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек, бейінді дәрігерлер науқас жатқан жерге жеткізіліп, қажет болған жағдайда операция сол жерде жасалуы мүмкін.

2026 жылдың алғашқы сегіз айында медициналық авиация 1 495 рет ұшып, 1 543 пациентті тасымалдаған. Осы кезеңде дәрігерлер 4 703 қашықтан консультация өткізді.

Санитариялық авиация шетелде ауыр жағдайға түскен қазақстандықтарды елге қайтаруға да жұмылдырылады. Егер науқас денсаулығына байланысты тұрақты әуе рейсімен ұша алмаса, оны медициналық мамандардың сүйемелдеуімен арнайы борт арқылы Қазақстандағы клиникаға жеткізуге болады.

2025 жылы Түркия, Германия, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Қырғызстан және Мысырдан тоғыз халықаралық рейс орындалған. Ал 2026 жылдың сегіз айында Албания, Италия, Түркия, Қытай, Таиланд, Ресей және Өзбекстаннан тағы тоғыз рейс ұйымдастырылды.

Санитариялық авиация қызметін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы үйлестіреді. Оның міндеті – пациент қай жерде болғанына қарамастан, шұғыл медициналық көмек көрсетіп, қажет клиникаға дер кезінде жеткізу.