Қазақстанда спорт жабдықтарына бірыңғай талап енгізілді
Қазақстанда спорт және гимнастика жабдықтарының қауіпсіздігіне қатысты бірыңғай талаптар бекітілді. Техникалық регламенттерді Туризм және спорт министрлігі әзірлеп, бекітті. Құжаттар спортпен айналысуға қауіпсіз жағдай қалыптастырып, спорт инфрақұрылымының сапасын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жаңа талаптар спорт жабдықтарының жобалануынан бастап, өндірісі, тасымалдануы, орнатылуы, пайдаланылуы, сақталуы және кәдеге жаратылуына дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Осылайша спорт нысандарындағы жабдықтардың қауіпсіздігі мен сапасын бақылаудың бірыңғай тәртібі қалыптасады.
Регламент талаптары футбол, футзал, гандбол және шайбалы хоккей қақпаларына, сондай-ақ батут, қоссырық, гимнастикалық бөрене, керме, төсеніш, шығыршық, арқан, швед қабырғасы және басқа да спорт жабдықтарына қолданылады. Дене шынықтыру және спорт істері комитеті төрағасының орынбасары Руслан Сергазиннің айтуынша, қауіпсіздік әсіресе балалар мен жасөспірімдер жаттығатын спорт мектептері мен секциялар үшін маңызды.
Оның сөзінше, жаңа регламенттер спорт жабдықтарының сапасына, оларды орнату мен пайдалану тәртібіне ортақ талап қалыптастырады. Бұл спорт инфрақұрылымын заманауи стандарттарға сәйкестендіріп, спортшылар мен тұрғындарға қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Техникалық регламенттер Сауда және интеграция, Ұлттық экономика министрліктерімен, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдармен келісілген.