Қазақстанда су үнемдеу технологиялары 700 мың гектарға жетті
Қазақстанда су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жер көлемі соңғы үш жылда үш есеге жуық артты. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, мұндай технологиялар 702,3 мың гектар алқапта пайдаланылып отыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Бұл бағыт Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану және заманауи суару жүйелерін кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда. Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруаларды қолдау шараларын күшейтіп, суару инфрақұрылымын жаңғыртуға басымдық беріп келеді.
2023 жылы заманауи суару жүйелері 237,1 мың гектарда қолданылған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 389,9 мың гектарға, 2025 жылы 543,5 мың гектарға жетті. Қазіргі таңда технологиялар елдегі 1,9 млн гектар суармалы жердің шамамен 36%-ын қамтып отыр.
Тамшылатып суару жүйелерінің аумағы да айтарлықтай ұлғайған. 2023 жылы бұл технология 42,5 мың гектарда қолданылса, 2026 жылы көрсеткіш 254,3 мың гектарға жетті. Ал жаңбырлатып суару көлемі 188,3 мың гектардан 379 мың гектарға дейін артты.
2025 жылдың қорытындысында заманауи суару жүйелері 543,5 мың гектарға енгізіліп, шамамен 874 млн текше метр су үнемделген.
Биыл қосымша су үнемдеу технологияларымен қамтылған 158,8 мың гектардың ең үлкен бөлігі Түркістан облысына тиесілі. Өңірде бұл көрсеткіш шамамен 50 мың гектарды құрады. Алматы облысында – 25,5 мың, Қызылорда облысында – 19,2 мың, Жетісу облысында – 11,8 мың, Жамбыл облысында 10,2 мың гектарға жетті.
Мемлекет шаруаларды қолдауға арналған субсидия көлемін де арттырды. Су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын өтеу үлесі 60%-дан 80%-ға дейін өсті. Ал суару суының құнын субсидиялау деңгейі 50%-дан 85%-ға дейін ұлғайтылды.
2026–2028 жылдары су үнемдеу технологияларын инвестициялық субсидиялауға 214,6 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл алдыңғы үш жылдық кезеңдегі қаржыландырудан шамамен төрт есе көп.
Сонымен қатар елімізде суару жабдықтарын шығаратын отандық кәсіпорындардың саны екі жыл ішінде төрттен жетіге дейін өсті. Қазір үш зауыт Түркістан облысында, екеуі Астанада, бір-бір кәсіпорын Алматы қаласы мен Атырау облысында жұмыс істейді.
Қазақстанда 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларымен қамтылған суармалы жер көлемін 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жыл сайын шамамен 2,2 млрд текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді деп күтілуде.