Қазақстанда телефон нөмірі арқылы банкаралық ақша аударымдарына белгіленген базалық лимитті 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Жаңа талаптар қазан айынан бастап күшіне енуі мүмкін, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл өзгеріс 19 шілдеде іске қосылған Банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне (БМТЖ) қатысты. Жүйе азаматтарға телефон нөмірі арқылы әртүрлі банктер арасында ақша аударуға мүмкіндік береді.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жаленов Үкіметтегі брифингте жаңа лимиттер тәуекелдерді басқарудың бірыңғай жүйесі аясында белгіленетінін айтты.
«Қазір нормативтік-құқықтық актінің жобасы "Ашық НҚА" порталында талқыланып жатыр. Барлық рәсім мақұлданса, өзгерістер қазан айына қарай күшіне енеді. Бір операция бойынша базалық лимитті 500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін арттырдық», – деді ол.
Сонымен қатар Ұлттық банк өкілі әр банктің өз тәуекел саясатына сәйкес қосымша шектеулер енгізе алатынын атап өтті. Мұндай лимиттер бір операцияға немесе белгілі бір уақыт аралығына белгіленуі мүмкін.
Кей банктерде клиенттер аударым көлеміне қатысты жеке шектеуді мобильді қосымша арқылы өздері де қоя алады.