Қазақстанда «Ұстазым, ардақты ұстазым!» акциясы басталды

Қазақстанда «Ұстазым, ардақты ұстазым!» акциясы басталды
ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда Мұғалімдер күні қарсаңында «Ұстазым, ардақты ұстазым!» республикалық акциясы басталды. Бастаманың мақсаты – педагогтердің еңбегін дәріптеп, ұстаздарға алғыс білдіру, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, акция 29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында еліміздің барлық өңірінде өтетін «Ұстаз – ұлт шамшырағы» іс-шаралары аясында ұйымдастырылады. Осы күндері білім беру ұйымдарында педагог мәртебесін көтеруге, мұғалім мамандығының маңызын насихаттауға арналған мерекелік, ағартушылық және тақырыптық шаралар өтеді.

Қазір Қазақстандағы 23 мыңға жуық білім беру ұйымында 600 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Олар өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, елдің адами капиталын дамытуға үлес қосып келеді.

Акцияға кез келген азамат қатыса алады. Ол үшін әлеуметтік желіде ұстазы немесе тәлімгері туралы естелік, фото не видео жариялап, #ҰстазымАрдақтыҰстазым хэштегін қолдануға болады. Сондай-ақ мұғалімге хат немесе ашықхат жолдап, алғысты жеке жеткізуге мүмкіндік бар.

Министрлік оқушыларды, түлектерді, ата-аналарды және барша қазақстандықтарды өмірінде із қалдырған ұстаздарына алғыс айтып, олар туралы естеліктерімен бөлісуге шақырды.

Айта кетейік, Қазақстанда 2023 жылдан бері Мұғалімдер күні ресми түрде 5 қазанда атап өтіледі. Кәсіби мерекеге орай еліміздің барлық өңірінде педагогтер, білім саласының ардагерлері, оқушылар мен ата-аналар қатысатын түрлі іс-шара ұйымдастырылады.