Қазақстанда жергілікті жол сапасын арттыру шаралары талқыланды

Қазақстанда жергілікті жол сапасын арттыру шаралары талқыланды
https://t.me/KZgovernment

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын жақсарту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Бұл мәселе Көлік министрлігі ұйымдастырған «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» республикалық семинар-кеңесінде қаралды. Жиынға орталық мемлекеттік органдардың, өңірлердің, сондай-ақ жол саласына қатысты компаниялар мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Кеңес барысында жол жөндеу мен құрылыс жұмыстарының жекелеген кезеңдері ғана емес, жергілікті жол желісін басқару жүйесін жетілдіру мәселелері де сөз болды.

Нұрлыбек Нәлібаев жолдардың сапасына қойылатын талапты күшейтіп, атқарылған жұмыстарды бақылауды барынша қатаңдату қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар жол нысандарын белгіленген талаптарға толық сәйкес келген жағдайда ғана қабылдауы тиіс.

«Кепілдік мерзімі ішінде ақаулар анықталған жағдайда, оларды мердігерлер өз қаражаты есебінен жоюы тиіс», – деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Жиында жол инфрақұрылымын дамыту Мемлекет басшысының тұрақты назарында екені де атап өтілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының нақты нәтижесіне басымдық беріп, саладағы жауапкершілікті арттыру қажеттігін айтқан.

Кеңес қорытындысы бойынша облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне бір апта ішінде жергілікті жолдардың сапасын жақсартуға арналған үш жылдық жоспар әзірлеу тапсырылды. Бұл құжатта басым жол учаскелерін анықтау, жобалық құжаттаманы дайындау, құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізу, сапаны бақылау және кейінгі күтіп-ұстау шаралары қамтылуы тиіс.

Семинар соңында республикалық және жергілікті автожолдардың сапасын жақсартуға бағытталған нақты міндеттер белгіленді.