Қазақстанда жасанды интеллектіні меңгеруге арналған білім беру жүйесі кеңейіп келеді. Жүйе мектеп оқушыларынан бастап студенттерге, мемлекеттік қызметшілерге және түрлі сала мамандарына дейінгі азаматтарды қамтиды. Бұл бағыт Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың адами капиталды дамыту және жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі кадр даярлау тәсілдерін жаңартып, базалық цифрлық сауаттылықтан бастап кәсіби мамандану мен ғылыми зерттеулерге дейінгі біртұтас жүйе қалыптастыруда.
Quacquarelli Symonds агенттігімен бірлескен зерттеу нәтижесіне сәйкес, мамандықтардың шамамен 70%-ына жасанды интеллект әсер етуі мүмкін, ал автоматтандыру әлеуеті 53% деп бағаланған. Осыған байланысты білім беру бағдарламаларын жаңарту, педагогтер мен студенттердің ЖИ құзыреттерін арттыру және мамандарды қайта даярлау жұмыстары жүргізілуде.
Өңірлерде тегін бағдарламалау және ЖИ мектептері ашылуда
12-18 жастағы жасөспірімдерге арналған тегін TUMO Astana орталығы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы базасында жұмыс істейді. Мұнда бағдарламалау, робототехника, веб-әзірлеу, ойын жасау, 3D-модельдеу, анимация және генеративті ЖИ сияқты 11 бағыт бойынша оқыту жүргізіледі. Қазір орталықта 2 376 оқушы білім алып жатыр. Оған 4,4 мыңнан астам өтінім түскен. 2026 жылдың соңына дейін оқушылар санын 5 мыңға жеткізу жоспарланған.
Ал 18 жастан асқан азаматтарға арналған Tomorrow School бағдарламалау мен жасанды интеллектіні тегін оқуға мүмкіндік береді. Оқу тәжірибелік жобаларға негізделген және 18 айға есептелген. Бағдарлама барысында студенттер 50-ден астам жоба жасап, мамандану мен үш айлық тағылымдамадан өтеді. Мектеп іске қосылғалы 24,3 мыңнан астам өтінім түскен. Қазіргі уақытта 493 адам оқып жатыр, оның 57-сі IT саласына жұмысқа орналасқан. 2026 жылы Tomorrow School желісі 14 өңірде іске қосылды.
AI-Sana арқылы студенттер ЖИ жобаларын әзірлеуде
Жоғары білім беру жүйесіндегі негізгі жобалардың бірі – AI-Sana бағдарламасы. Оның мақсаты – студенттердің жасанды интеллектіні кәсіби қызметте қолдану дағдыларын дамыту және технологиялық жобалар әзірлеуге мүмкіндік беру.
Бағдарламаның алғашқы кезеңінде студенттерге Coursera, Huawei ICT Academy, Nvidia DLI және Astana Hub платформаларындағы оқу курстарына қолжетімділік берілді. Нәтижесінде 703 мыңнан астам сертификат алынған. Келесі кезеңдерде студенттердің алған білімін нақты жобаларда қолдануына басымдық берілді. Жобаға 63 халықаралық сарапшы, оның ішінде венчурлық қор өкілдері тартылды.
AI-Sana аясында еліміздің жоғары оқу орындарында хакатондар, форумдар мен кейс-чемпионаттар өткізіліп, ЖИ зертханалары мен орталықтары ашылып жатыр. Жоба студенттердің технологиялық стартаптарын дамытуға және инвесторлармен байланыс орнатуға да бағытталған. Бағдарламаның келесі кезеңінде перспективалы студенттік жобаларды Astana Hub пен Alem.AI арқылы технологиялық стартаптарға айналдыру көзделген. Бұл бағыттың операторы ретінде QazInnovations белгіленді.
Qazaq AI Research University-де мамандандырылған кадрлар даярланады
Жасанды интеллект саласында кәсіби мамандар даярлау үшін Qazaq AI Research University құрылды. Университет AI, машиналық оқыту, цифрлық технологиялар, деректерді талдау және технологиялық кәсіпкерлік бағыттарына маманданған. Оқу үдерісі AI+X қағидатына негізделген. Яғни жасанды интеллект инженерия, медицина, қаржы, энергетика және мемлекеттік басқару сияқты салалармен ұштастырылады.
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап университетте Artificial Intelligence and Machine Learning және Physical AI бакалавриат бағдарламалары, сондай-ақ бірнеше бағыт бойынша AI+X магистратура бағдарламалары іске қосылды. Қазір университетте 525 адам білім алуда. Оның 388-і бакалавриатта, 32-сі магистратурада оқиды. Сонымен қатар 105 ұлттық компания қызметкері MBA AI+X бағдарламасына қатысып жатыр. Бакалавриат студенттерінің 294-і мемлекеттік грант иегері.
Университет Huawei, Lenovo, Samsung, Google, Yalong Education және Unitree Robotics сияқты компаниялармен, сондай-ақ ұлттық компаниялармен серіктестік орнатқан.
AI Research Hub үш негізгі бағытта жұмыс істейді
QAIRU-да ғылыми зерттеулер AI Research Hub базасында жүргізіледі. Зерттеу бағыттарына фундаменталды ЖИ модельдері мен алгоритмдерін әзірлеу, робототехника және автономды жүйелер, сондай-ақ Smart City, GovTech және FinTech шешімдері кіреді. Университет шетелдік жоғары оқу орындары және ғылыми ұйымдармен де байланыс орнатуда. Бірлескен білім беру бағдарламалары, академиялық ұтқырлық, шетелдік оқытушыларды тарту және ғылыми жетекшілік бағыттары бойынша келісімдер жасалған.
QAIRU сонымен қатар Қазақстан мен Орталық Азиядағы AI-Enabled University моделін дамытуға бағытталған. Университеттің цифрлық экожүйесінің негізі QAIRU OS платформасы болады. Ол студенттердің цифрлық профилін, жеке ЖИ көмекшілерін, оқу траекторияларын және әкімшілік процестерді бір жүйеге біріктіреді.
Auezov университетінде AI First бастамасы іске асырылуда
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде білім беру, ғылыми-зерттеу және басқару процестеріне ЖИ енгізуге бағытталған Auezov AI First бастамасы жүзеге асырылуда. Университетте студенттер мен талапкерлерге арналған ЖИ-боттар, құжат айналымын автоматтандыру, әлеуметтік желілерді басқару және сабаққа қатысуды бақылау сервистері енгізілген.
AI-Sana бағдарламасының базалық курсын 21 194 білім алушы аяқтаған. Оның 8 685-і екінші кезеңге өткен. Сонымен қатар 1 200 студент Coursera платформасына тіркеліп, 2 031 сертификат алған.
55 мыңға жуық мемлекеттік қызметші AI Qyzmet курсынан өтті
Мемлекеттік қызметшілердің ЖИ дағдыларын дамыту үшін AI Qyzmet бағдарламасы іске қосылды. Курс жоспарлау, ақпаратты өңдеу, презентация әзірлеу, шешім қабылдау, тапсырмаларды автоматтандыру және көпшілік алдында сөйлеу сияқты практикалық бағыттарды қамтиды. Бағдарлама алты модуль мен 32 қысқа бейнесабақтан тұрады. Жалпы оқу ұзақтығы шамамен 3,5 академиялық сағат. Курс қазақ және орыс тілдерінде Astana Hub платформасында қолжетімді.
Қазіргі таңда AI Qyzmet бағдарламасы бойынша 55 мыңға жуық мемлекеттік қызметші оқудан өткен.
Осы жобалардың барлығы Қазақстанда жасанды интеллект бойынша кадр даярлаудың бірнеше деңгейін қалыптастыруға бағытталған. Жүйе базалық цифрлық сауаттылықтан бастап кәсіби даярлыққа, технологиялық кәсіпкерлікке және ғылыми зерттеулерге дейінгі бағыттарды қамтиды.